18:41, 02 Қыркүйек 2015 | GMT +5
Болат Сауранбаев уақытында нысанды тапсырмаған мердігер ұйымдарды лицензиядан айыруды ұсынды (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Болат Сауранбаев қаладағы коммуналды жұмыс жүргізіліп жатқан нысандарды аралады. Сапар барысында қалалық Мемлекеттік сәулет және құрылыс бақылау басқармасына әкімнің орынбасары коммуналды жұмыстарды уақытында аяқтамаған құрылыс компанияларын лицензиядан айыруға тапсырма берді.

«Биыл қалада жылу желілерін жүргізу бойынша 360 жерден қазу жұмыстары жүргізілді. Оның 113-і дер кезінде тапсырылды. 247-сі әлі жұмыстарын жалғастырып жатыр. Негізі әкімнің тапсырмасы 1 қыркүйекке дейін аяқтау болатын. Бірнеше ұйым дұрыс жұмыс жасай алмайтындығын көрсетіп отыр. Олар лицензиясынан айрылады. Айтып жатқан себептері көп. Бірі Ресейден құбыр алғызбақшы болған. Оны Қазақстаннан да ала салса болады ғой. Қатаң кесте берілді. Соған сай жұмыс істеуі керек», - деді Б.Сауранбаев. Әкім орынбасары қалада аталған жұмыс бағытында Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтың басшылығымен арнайы штаб құрылғанын атап өтті.