Болат Жәмішев: Бейбітшілік және келісім сарайының аллеясында тақтайшалар ғана қалған
АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық-Қазына» қорының қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Жәмішев «Samruk-Kazyna Trust» қорының жұмысын талқылауға арналған отырыста Арал табанына сексеуіл егу жобасын сынады.
- Арал табанына ағаш егуге қатысты айтарым бар. Бұл жобаның маңызы зор екені анық. Бірақ соған бәленше миллион ағаш егу керек деген тапсырма ретінде емес, түпкілікті нәтижесі болатын жоба ретінде қарасаңыздар деген өтініш. Түпкілікті нәтиже деген – Арал табанының қандай да бір бөлігінің орманға айналуы. Егілген ағаштың бәрі жерсініп кете қоймас. Бұл тіпті кең ауқымдағы эксперимент шығар. Бұл іске түпкілікті нәтижесі болатын жоба ретінде қарасаңыздар, нақты мониторинг қалыптастырған болар едіңіздер. Тәуекелдерді алдын ала көріп, салдарын бәсеңдету керектігін білер едіңіздер. Сол арқылы Аралдың қаңсып қалған табанын түгел орманға айналдыру мүмкін бе, әлде бір бөлігін ғана орманға айналдыру керек пе деген сұрақтың жауабы табылар еді. Осындай тәсіл болу керек сияқты, - деді ол.
Болат Жәмішев жүйелі тәсілдің болмауы қандай тәуекелге әкелетінін Астананың мысалымен түсіндірді.
- Бұл істе жүйелі тәсіл керек. Ағаштың саны жұмыстың тиімділігіне кепілдік бола алмайды. Мысалы, мен «Пирамиданың» (Астанадағы «Бейбітшілік және келісім сарайы – ред) маңайында тұрамын. Сол пирамиданың ауласына қадалған бейнетақтаның түр-түрі самсап тұр. «Бәленше деген адам түгенше оқиғаның құрметіне екті» деп тұратын жазудан көз сүрінеді. Бірақ ағаш жоқ. Ал белгітақталар қалқайып тұр. Қазір күрделі жөндеу жасап, тақтайшаларды да жұлып жатыр. Ол жақта тұрып жатқаныма 12 жыл болды. Қаншама делегация барып, ағаш екті?! Белгітақталар әдемі-ақ. Бірақ оны аллея деп айтуға келе ме, білмедім. Сондықтан сіздерге де Арал табанынан ағаш егудің нәтижесін бағалау тәсілін өзгерту керек, - деді қоғамдық кеңес төрағасы.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазынаға» қаңтардың соңына дейін үш қалада ЖЭО салу мәселесін шешу міндеттелді.