Болгарияда қопарғыш заттар фабрикасында жарылыс болды
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат - Болгарияның солтүстік-батысындағы Горни-Лом кентінде қопарғыш заттар фабрикасында жарылыс болып,
оның салдары үлкен өртке әкелді. Кәсіпорынның қоймасында жиналған барлық қопарғыш заттардың жарылу қаупі туындап отыр, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Алдын-ала мәліметтер бойынша, әзірге үш адамның зардап шеккені туралы ақпарат бар, деп хабарлайды болгар ақпараттық агенттігі.
Келіп түскен деректер бойынша, жарылыс болған фабрика қоймасында 10 тоннаға жуық аммонит, ал көрші жайларда типі көрсетілмеген тағы 20 тонна қопарғыш зат, сондай-ақ жаяу әскерге қарсы миналар бар.
Өрт ошағын сөндіру шаралары әлі жалғасуда. Оқиға орнында жарылыстар естілуде. Аймақ өкіметінің айтуынша, полиция бірнеше шақырым радиуста фабриканы айналдыра қоршауға алып отыр, жергілікті халыққа ешқандай қауіп жоқ. Горни-Лом кентінде 780 адам тұрады.