Бөліп төлеу мен несие қарыз жүктемесі мен инфляцияға қалай әсер етеді

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда өткен сараптамалық талқылауда мамандар тұтынушылық несие мен бөліп төлеу жүйесі экономиканы ынталандыра ма, әлде бағаның өсуіне ықпал ете ме деген сұраққа пікір білдірді.

кредит
Фото: Polisia.kz

Инфляцияның ең үлкен үлесі азық-түлікке тиесілі

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова соңғы он жылда инфляцияның ең үлкен үлесі азық-түлік тауарларына тиесілі екенін атап өтті:

• азық-түлік – 45%,
• азық-түлік емес тауарлар – 30%,
• қызметтер – 25%.

Оның айтуынша, азық-түлік инфляциясы тұтынушылық несиенің өсуімен тікелей байланысты емес. Ал азық-түлік емес тауарлардың шамамен 60%-ы импорт, сондықтан теңгенің әлсіреуі бағаның қымбаттауына негізгі себеп болып отыр.

д
Фото: Кәмшат Әбдірайым / Kazinform

Бахмутованың айтуынша, 2019 және 2023 жылдардағы жоғары кредиттік өсімге қарамастан, теңге бағамының әсері инфляцияда басым болған.

- Негізгі инфляциялық қысым – валюталық арна. Оның әсері барлық өзге факторлардан күштірек, – деді ол.

Сонымен бірге ол реттеуші қабылдаған шаралар арқасында кепілсіз несиелердің өсу қарқыны бәсеңдегенін айтты. Егер тұтынушылық несиені шамадан тыс шектеу қолға алынса, ол сауда мен бөлшек сауда секторында ұсыныстың қысқаруына әкеліп, еңбек нарығына теріс әсер етуі мүмкін.

Бөліп төлеу мінез-құлықты өзгертеді – сарапшы пікірі

Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Эльдар Шамсутдинов бөліп төлеу жүйесі халықтың қаржылық тәртібіне айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.

Оның айтуынша:

• бөліп төлеу бағаға сезімталдықты төмендетеді;
• адамдар жалпы қарыз көлемін есептемей, тек айлық төлемге қарайды;
• кредиттік карта қосымша табыс ретінде қабылданады;
• адамдар, тіпті толық төлеуге мүмкіндігі бола тұра, «бәрі алғандықтан» бөліп төлеуді таңдайды.

д
Фото: Кәмшат Әбдірайым / Kazinform

- Бұл болашақтағы қаржылық ауыртпалықты күшейтеді. Ал қазірдің өзінде қазақстандық отбасылардың шамамен 50%-ында қарыз жүктемесі табыстың 30%-ынан асып түседі, – деді ол.

Бөліп төлеу мен автосалондардағы «жасырын несиелер» – бақылаусыз сегмент

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин классикалық бөліп төлеу бойынша толық мәлімет жоқ екенін айтты.

Бүгінде барлық қарыз алушылардың 63%-ы – 4,9 млн адам банктік бөліп төлеу жүйесін пайдаланады. Алайда, автосалондар, құрылыс компаниялары және басқа да қаржы ұйымдары емес құрылымдар ұсынатын бөліп төлеу жүйелері туралы мәлімет мүлде жоқ.

д
Фото: Кәмшат Әбдірайым / Kazinform

- Бұл да – қарыз. Бірақ ол кредиттік бюроларда көрінбейді. Мұндай клиент банкке келгенде, оның тарихы таза болып көрінеді, сондықтан ол жаңа несие ала береді, – деді ол.

Тутушкиннің айтуынша, қазір нарықты реттеу жоспарланбайды, бірақ толық картинаны көру үшін автосалондар мен құрылыс компанияларының бөліп төлеу өнімдері бойынша ақпарат жинау қажет.

Сарапшылардың пікірінше, тұтынушылық несие мен бөліп төлеу нарығы күрт өсіп, қазақстандықтардың қаржылық мінез-құлқына үлкен әсер етіп отыр. Сондықтан қарыз жүктемесін есептеу, кредиттік нарықтың барлық сегментін қамту және реттеу шараларын тепе-тең жүргізу қажеттігі айтылды.

Қаржы секторы өкілдері инфляцияның негізгі көзі – импорт пен теңге бағамы екенін, ал кредиттеуді шектеу жанама салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетейік, 24 қарашадан бастап тұтынушылық несие алу қиындайды.

Соңғы жаңалықтар