Борис Джонсон депутаттық өкілетін тапсырды
Кеше Джонсон коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген локдаун кезінде Даунинг-стриттегі премьер резиденциясында ұйымдастырылған сауық кешін тергеген парламент комитетінің әлі жарияланбаған есебінің көшірмесін алды.
Баяндама авторлары Джонсон парламентті әдейі жаңылыстыруға тырысқан деген тұжырым жасады.
Экс-премьердің өзі есепте «анық емес тұстар мен теріс пікір көп» екенін, ал комитет мүшелері өзін парламенттен аластатқысы келетінін мәлімдеді.
«Олар әлі де менің саналы түрде немесе байқамай Қауымдар палатасын жаңылыстырғаныма ешқандай дәлел ұсынбады», - деп мәлімдеді ол.
Джонсон комитетке наурызда берген жауабында парламентті жаңылыстырғанын мойындады, бірақ оны әдейі істегенін жоққа шығарды.
Былтыр жазда премьер-министр қызметінен кеткенімен ол Лондон округтерінің бірінен (Аксбридж және Саут-Райслип) депутат ретінде қалған еді.
Енді бұл округте мерзімінен бұрын сайлау өтуі керек.
Джонсон Британ парламентіне 2001 жылы сайланды. Өзінің мәлімдеуінше, парламенттен кеткенімен Джонсон саясаттан кетпейді.
Борис Джонсон 2019 жылдан 2022 жылға дейін Ұлыбритания үкіметін басқарды.
Ол кабинет басшысы қызметінде болған кезде Ұлыбритания ресми түрде Еуроодақтан шықты.
Оның премьер-министр лауазымынан кетуіне әсіресе Партигейт (Partygate) деген атауға ие болған Даунинг-стриттегі даулы сауық кештері себеп болды.