«Бос патрондар атылады»: Алматы полициясы тұрғындарға үндеу жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2011 жылы Таразда болған оқиға желісі бойынша «Капитан Байтасов» көркем фильм түсіріліп жатыр.

Осыған байланысты Алматы полициясы қала тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасады.
«Алматы полиция департаментінде түсірілім жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түсірілім кезінде бос патрондар атылатын көріністер болады (16:30-дан 19:30-ға дейін). Сондықтан азаматтардан сабырлылық пен түсіністік танытуларын сұраймыз», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, Таразда 2011 жылы 12 қарашада лаңкестердің қылмысы салдарынан 7 адам қаза тапқан, оның 5-еуі полиция қызметкері, 2-еуі азаматтық тұлға. Полиция капитаны Ғазиз Байтасов сол атыс кезінде адамдарды құтқару үшін гранатасы бар лаңкестің жолын кесу кезінде қаза тапты. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен оған қайтыс болғаннан кейін Халық Қаһарманы атағы берілді.
2021 жылы Таразда Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына Ғазиз Байтасовқа ескерткіш қойылды.