19:40, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Boston Consulting Group» халықаралық кеңес беру компаниясының сарапшылары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-да консультациялар өткізді
Астана. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат - Қазір "Boston Consulting Group"(BCG) халықаралық консалтингтік компаниясының Антонио Риера (компанияның аға вице-президенті) бастаған кеңесшілері Астанада жүр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ Баспасөз қызметіне сілтеме жасап. BCG сарапшылары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қорына» ақыл-кеңестер беріп, сонымен қатар экономикалық саясатқа жауапты мемлекеттік құрылымдардың мамандарымен консультациялар жүргізуде.
Бүгін сарапшы топтың басшысы Қазақстанның экономикалық саясатқа мамандандырылған белді БАҚ журналистерімен кездесті. Сөйтіп, Қазақстандағы дағдарысқа қарсы бағдарламаның жүзеге асырылуымен, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қолға алған шаралары хақындағы біраз жайттарды талқылады.
«Самұрық» холдингі мен «Қазына» қорының бірігуінің өзі басқарушы компаниялардың дағдарысқа қарсы іс-қимылдар аясында күш жұмылдыруына тиімді әсер еткен шара болды», деді ол.
Риераның айтуынша, Қазақстан Үкіметінің «Самұрық-Қазына» арқылы қолға алған шаралары, қаржы жүйесінің аяғынан нық тұруына өз жәрдемін тигізеді. Ол сонымен қатар, күмәнді активтер Қорын құру жөніндегі шешімді жақсы бағалады.
BCG компаниясы бизнес-стратегия түзумен, оны жүзеге асырумен, қаржы жүйесі бойынша әртүрлі мемлекеттердің үкіметтеріне ақыл-кеңес беруді жолға қоюымен танымал әлемдік көшбасшы компания.
BCG Сингапур мен Тайландтағы қаржы орталықтарын құрып, оны дамытуға үлес қосқан. Сонымен қатар, Аргентина, Франция, Германия, Канада, АҚШ елдеріндегі қаржы нарығын дамытуда біраз жобаларды жүзеге асырған.