«Божко «қаһарман» атағынан үміттенбейді» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 20 мамыр, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Бюджет қаржысын пайдаланудағы олқылықтар» деген мақала басылды. Парламент Сенатында Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерінің таныстырылымы болды. Депутаттар алдында Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин баяндама жасады. Б.Сұлтанов жыл қорытындысы бойынша екі нақтылауды есепке ала отырып, республикалық бюджетке түсетін түсімдер жоспары 100,6 пайызға немесе 5 272,4 миллиард теңгеге атқарылғанын айтты. Үкіметтің есебі бойынша кірістер іс жүзінде 2012 жылмен салыстырғанда, 7,8 пайызға өскен. Бюджетке кірістер 5 179,5 миллиард теңге сомасында немесе 100,5 пайыз түскен. 2013 жылға арналған республикалық бюджет шығыстарына қатысты айтар болсақ, олар 5 990,5 миллиард теңгені немесе жоспарға 99,3 пайызды құрайды. 2012 жылмен салыстырғанда, оның өсімі 194,8 миллиард теңгені құрады. Республикалық бюджет шығыстарының құрылымында негізгі үлесті әлеуметтік сала шығыстары алып отыр - 2 336,4 миллиард теңге немесе 36,0 пайыз, оның 1 239,9 миллиард теңгесі зейнетақылар мен жәрдемақыларды құрайды. Қаржының 42,9 миллиард теңгесі пайдаланылмай қалған.
Осы басылымда «Сахна саңлақтары сауатты ма?» деген мақала оқырман назарына ұсынылып отыр. Әлеуметтік желілер жақсы болды, кейбіреулерге қол жетпес жұлдыздай болғандармен «достасып», өзара пікір алысуға мүмкіндік бар. Негізінен, «Инстаграм», «Твиттерде» белсенділік танытатын олар, өнер иелері өздеріне жазылған мақтауларға, оңды пікірлерге жауап жазбайды.Ал сынын білдіріп, тосыннан теріс пікір айтқандарға сол бойда-ақ қарымтасын қайтарады. «Айталық, орфография мен орфоэпияның аражігін айыра алмайтын әншілеріміз аз емес. Бір қынжылтатыны, олар сол ән өнерінде қолданылатын сөздерді де дұрыс жаза алмайды. Басқа-басқа, продюсер сөзінің өзін екі «с» әрпімен жазатындарға не дейсің? Қаншама жылдан бері асырап, оларды танымал еткен фонограмма атауын да қате жазып, оған екі «м»-ды қимайтындар кездеседі. Ол ол ма, өзіміздің төл сөзіміз болмаса да, қазақ тілінің қолданысына әлдеқашан енген сахна сөзін «сахына» деп тағы бір сөзді «ойлап тауып жатқандардың» барын жоққа шығармайық. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Белгілі әншілердің де «жаңа сөздері» жетерлік»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Әлем жұрты 1983 жылдан бері мамыр айының үшінші жексенбісінде ХХІ ғасырдың дерті - ЖИТС(СПИД) -тен қайтыс болған жандарды еске алады. Биыл бұл дата 18 мамырға түсті. Осы орайда ЖИТС-тен көз жұмғандарды еске алу және және АИТВ(ВИЧ)-инфекциясын жұқтырған азаматтарды қолдау, бұл мәселеге қоғам назарын аудару мақсатында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде форум ұйымдастырылды»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында. Халықаралық ЮНЭЙДС ұйымының деректеріне сүйенсек, Жер бетінде 42 миллионнан аса адам АИТВ инфекциясын жұқтырған.Соңғы 25 жыл ішінде әлемдегі 20 миллионнан аса жанның өмірін ғасыр дерті жалмапты. Бұл жайында осы басылымдағы «Ғаламды шарлаған «ғасыр дерті»...» деген мақаладан оқи аласыздар.
Осы басылымда «Божко «қаһарман» атағынан үміттенбейді» атты мақала берілген. Кеше Үкімет сағаты аясында Мәжіліс алдында есеп беруге келген Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко әлемде қиындық көріп жатқан елдерге көмектесу үшін мемлекетіміздің қанша көлемде қаржы шығындағандығын айтып берді. Оның мәліметінше, өткен жылы ТЖМ ірі ауқымды дүлей зілзалалардан зардап шеккен шет мемлекеттерге 6 рет гуманитарлық көмек көрсетіпті. ТЖМ басшысы 2013 жылы Гватемала Республикасына, Ауғанстанға, Ливан Республикасына, Шри-Ланка демократиялық социалистік республикасына ақшалай түрде, сондай-ақ тамақ өнімдері түрінде жалпы сомасы 978 мың долларға көмек көрсеткендігін жеткізді. - Ағымдағы жылы Ауғанстанға ресми гуманитарлық көмек көрсету үшін министрлік Қазақстанның мемлекеттік материалдық резервінен тамақ өнімдерін броньнан шығарды, олардың жалпы сомасы 1 миллион 985 мың 917 долларды құрады. Сондай-ақ Ресей Федерациясының «Дальневосточный федералды округінің» аумағында ірі ауқымды су басудан зардап шеккен әлеуметтік маңызы бар объектілерді қалпына келтіру үшін Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында, Ресейдің Благовещенск қаласында 240 орынға арналған балабақшаны салуға 379,3 миллион теңге бөлінді, - деді В.Божко.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Жас түлек, сен қандай мамандық таңдадың?» деген мақала берілген. «Себебі қазіргі мектеп бітірушілердің 70-80 пайызы нақты қай мамандықты таңдарын білмей, екіойлы жағдайда жүр. Бұған бір жағынан еліміздегі әлеуметтік жағдай да себепкер ме деген ойға қаласың. Ақылы оқуды оқытуға шамасы келмейтін, қалтасы жұқа қарапайым жұрт қай мамандық болса да диплом алып, ең бастысы «балам грантқа түссе екен» деп армандайды. Сол себепті грант көп бөлінетін пәнді таңдап жатады»,-деп жазады мақала авторы. Екіншіден, Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезінде де мамандық таңдауға белгілі бір мөлшерде шектеу қойылатындай. Байқап қарасақ, оқушылардың басым бөлігі өздеріне ұнайтын мамандықты таңдамай, Ұлттық бірыңғай тестке кіретін таңдау пәндерінің ішінен өзінің шамасы келетін, жеңілдеу пәнді таңдайды. Мақсат - ҰБТ-дан аман-есен өтіп, жоғары оқу орнына түсу.
***
«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Мобильное рабство» отменяется» атты материал жарияланды. Кеше ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Сәрсенов Қазақстан интернет тарифтерінің арзандығы бойынша әлемде сегізінші орында, ал ұялы байланыс тарифтерінің арзандығы аясында 17 орында екенін жеткізді. «Біз тариф бағасын бұдан әрі төмендетуге ұмтыламыз. Жалпы бүгінде жоғары тарифтер жайында әңгімелер келмеске кетті»,-деді ол