Бозымбаев Азия даму банкімен су және энергетика саласындағы жобаларды пысықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Қанат Бозымбаев пен Азия даму банкі басшылығы Қазақстандағы инвестициялық жобалардың іске асырылуын талқылады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Қазақстан мен АДБ сумен жабдықтау, энергетика және инфрақұрылым жобаларын жетілдіреді
Фото: Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Азия даму банкінің Орталық және Батыс Азия өңірі бойынша Бас директоры Лея Гутьерреспен кездесті.

Кездесу барысында сумен жабдықтау, су бұру, энергетикалық жүйеге көшу, апаттық тәуекелдерді сақтандыру және басқа да бағыттар бойынша инвестициялық жобалар талқыланды.

Су ресурстары және ирригация министрлігі АДБ-мен бірлесіп Ақмола облысындағы Есіл өзенінде Есіл контрреттегішін салуды қаржыландыру мәселелерін пысықтап жатыр.

Сондай-ақ Жезқазған, Сәтбаев, Степногорск және Балқаш қалаларында кәріз-тазарту нысандарын іске асыру бойынша бірлескен жұмыс жалғасып жатыр.

Сонымен қатар Банк өкілдері энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған Ұлттық жобаға қатысуға қызығушылық танытты.

Тараптар ұзақ мерзімді серіктестіктің перспективаларын жоғары бағалап, әрі қарайғы нәтижелі ынтымақтастыққа үміт білдірді.

Бұдан бұрын Бозымбаев өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты қысқартатын шараларды атады.

Соңғы жаңалықтар