Бозымбаев су саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын атады
АСТАНА. KAZINFORM — Астана экономикалық форумы аясында «Су қауіпсіздігі — Орталық Азияның тұрақты болашағына арналған басты инвестиция» тақырыбында сессия өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Сессия барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев баяндама жасады.
Өз сөзінде ол форумды ұйымдастыруға белсенді қолдау көрсеткені және Қазақстанның климаттық сын-қатерлерге қарсы күрес жөніндегі күш-жігерін қолдағаны үшін БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымына алғысын білдірді.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, климаттың жылдам өзгеруі жағдайында Орталық Азия елдері су ресурстары саласындағы өсіп келе жатқан мәселелерге тап болуда — бұл өзен суының азаюы, құрғақшылықтың жиілеуі, су тасқындарының артуы. Осыған байланысты суды тиімді пайдалану мәселесі мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының біріне айналуда.
Сессияда Вице-премьер су саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын атап өтті:
Біріншіден. Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту. 42 жаңа су қоймасын салу және 30 қолданыстағы су қоймасын қайта құру, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам суару каналдарын жаңғырту жоспарланған. Бұл суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға, төтенше жағдайларға төтеп беруге және экономиканың түрлі салаларын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Екіншіден. Су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру. Қазақстан ауыл шаруашылығында суды үнемдеу технологияларын енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, суару жүйелерін құру мен тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесі 50%-дан 80%-ға дейін артты.
Үшіншіден. Су секторын цифрландыру. Hydro.gov.kz атты бірыңғай су кадастры қалыптастырылатын цифрлық платформа құрылуда. 3,5 мың шақырымнан астам суару каналдарын цифрландыру және су есебін жүргізу жүйесін автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Төртіншіден. Су ресурстары саласындағы заңнаманы жетілдіру. Қазіргі заманғы экологиялық және технологиялық талаптарды ескере отырып, су ресурстары саласындағы заңнама жаңартылуда.
Бесіншіден. Халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Қазақстан трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері бойынша көршілес мемлекеттермен белсенді ынтымақтастық орнатуда. Үкіметаралық бірқатар келісімдерге қол қойылып, гидрологиялық және гидрохимиялық ақпарат алмасу жүзеге асырылып, су пайдалану режимдері келісіліп, төтенше жағдайлар кезінде бірлескен іс-қимылдар үйлестірілуде.
Аралды құтқару халықаралық қоры (АҚХҚ) аясындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылуда. Қазақстан Қор шеңберіндегі міндеттемелерге әрдайым берік екенін көрсетіп келеді және оның ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын одан әрі жетілдіруді қолдайды.
— Біз АҚХҚ-ны реформалау бойынша алдағы уағдаластықтардан зор үміт күтеміз. Бұл маңызды өңірлік ұйымның барлық Орталық Азия елдерінің мүдделерін ескере отырып, тиімділігін арттыруға бағытталған, — деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Сөз соңында Вице-премьер су мәселелері бойынша шешім қабылдауды жеделдету және өңір елдерінің климаттық және табиғи қатерлерге төтеп беру қабілетін арттыру қажеттігін атап өтті.
Бұған дейін Астана форумына жұмсалған 4,5 млрд теңге кемінде 4,5 млрд доллар боп қайтуы мүмкін екені айтылды.