Бозоқ қорық-музейінде «Қымызмұрындық» фестивалі өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы халқымыздың көне дәстүрлерінің бірі «Қымызмұрындық» мейрамына арналған республикалық этнофестиваль ұйымдастырды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Бозоқ қорық-музейінде «Қымызмұрындық» фестивалі өтті
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Фестивальге жетекші отандық және шетелдік ғалымдар, этнографтар, өнер қайраткерлері қатысты. Бағдарламада этнографиялық қойылымдар, қымыз ашыту рәсімі мен ұлттық тағамдардан дәм тату, қолөнер шеберлерінің жұмыстары қойылған көрмелер мен таныстырылымдар ұйымдастырылып, этно-ансамбльдер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.

Бозоқ қорық-музейінде «Қымызмұрындық» фестивалі өтті
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

2018 жылы «Қымызмұрындық» дәстүрі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енді. Бұл — халқымыздың өмір салты, дүниетанымы табиғатпен үндес екенінің айғағы. Аталмыш іс-шара «Бозоқ– Өңірлерде» акциясы аясында өтті.

Фестиваль Бозоқ Ұлттық археологиялық паркінің құрылуы туралы тарихи-мәдени жобаны кеңінен насихаттау, сондай-ақ Еуразия далалық өркениеттерінің материалдық емес мұрасын сақтау мен қайта жаңғыртуды мақсатында ұйымдастырылды.

Бозоқ қорық-музейінде «Қымызмұрындық» фестивалі өтті
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық дәстүрлерді сақтау — бұл тек мәдени құндылық қана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мен рухани сабақтастықты нығайтудың негізі.

2021–2023 жылдар аралығында «Бозоқ» музей-қорығы дала этнографиясы бойынша ауқымды ғылыми-зерттеу экспедицияларын жүргізіп, нәтижесінде «Еуразия даласының қымыз мерекесі: лейтмотив, жады және сәйкестік» атты ғылыми жинақ жарық көрді. Сонымен қатар, «Қымызмұрындық» мерекесі ресми түрде бекітілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада ұлттық дәстүрді дәріптейтін ерекше шара — қымызмұрындық фестивалі өтті.

Соңғы жаңалықтар