Бозжыра шатқалында екінші визит орталықтың құрылысы басталды
АҚТАУ. KAZINFORM — «Бозжыра» визит орталығы барлық экологиялық талаптарға сай болмақ.
Құрылыс жұмыстарына жиналмалы жеңіл конструкциялар қолданылуда. Себебі, олар терең іргетасты қажет етпейді. Жоба бойынша қалдық суды тазартатын биотазарту жүйелері, қоқысты сұрыптап жинау, күн сәулесінен электр энергия алу қарастырылған.
Қарақия аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нағима Мекенованың мәліметінше, жоба туристердің артуына ықпал етіп, ауданның дамуына оң әсерін тигізбек.
- Қарақия ауданына қарасты Бозжыра қорығында визит орталық және глэмпингтері бар этно-кафенің құрылысы жүргізілуде. Инвестор «PanaAsia» ЖШС, жоба құны – 2 миллиард теңге. Жоба жүзеге асқанда ауданымыз көркейіп, туристер ағыны көбейеді деп сенеміз, - дейді бөлім басшысы.
Жоба аясында туристердің қауіпсіздігі мен жайлы тынығуына жағдай жасалады. Сонымен қатар, қонақтарға аймақтың ерекше табиғатымен толығырақ танысуға, көшпенді халықтың дәстүрлі мәдениетінің рухын сезінуге мүмкіндік болады.
Визит орталықта отызға жуық жұмыс орны ашылып, оған жергілікті мамандарды алу көзделген. Сонымен бірге, жақын маңдағы ауыл тұрғындарына ауылшаруашылық өнімдерін сатуына жағдай жасалады. Орталықтың құрылыс жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Айта кетейік, Бозжыра шатқалы - әлем жұртшылығын тамсандыратын ерекше табиғи мекен. Былтыр аймаққа 420 мың турист келген болса, соның басым бөлігі Бозжыраға барған.
Бұған дейін, Бозжыра шатқалында алғашқы визит орталықтың құрылыс жұмыстары аяқталғанын жазған едік.