Бозжырада алғашқы қонақүй құрылысы басталды — әкім Маңғыстау туризмі туралы
АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау өңіріне келетін туристердің саны артып келеді. 2025 жылдың 9 айында 350 мыңнан астам турист келіп, 17,2 млрд теңгеге қызмет көрсетілген. Бұл туралы облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай есептік кездесуде айтты.
Әкімнің айтуынша, шетелдік туристерді қабылдау бойынша Маңғыстау облысы 3-орында тұр. Ал Ақтау әуежайы жолаушылар ағыны бойынша 4-орында тұр. Соңғы бес жылда әуежайдағы жолаушылар ағыны 70%-ға артып, 996 мыңнан 1,7 млн адамға өсті.
— Осы жылы Дубай, Нүкіс бағыттары жаңадан ашылып, 2026 жылдан бастап Қытайға (Үрімші) тікелей рейстер ашылады. 2026 жылдың екінші жартыжылдығында 1,3 млн жолаушы қабылдайтын мүмкіндігі бар Кендірлі әуежайының құрылысы аяқталады, — деді Н. Қилыбай елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен бірге, 3 теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары аяқталуда, толықтай 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қолданысқа беріледі.
Ал 2025-2029 жылдары құны 198 млрд теңгені құрайтын 17 туристік инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Биыл құны 4,6 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылды.
— Туризм инфрақұрылымын кезең-кезеңмен іске асыру бойынша нақты жоспар бар. Біріншіден, Бозжыра бағытын дамыту, осы орайда биыл 13,2 шақырымды құрайтын жол құрылысы басталды, 2026 жылы электр жүйесін тартамыз. Бозжыра шатқалында сапар орталығының құрылысы аяқталып, алдағы туристтік маусымда іске қосылады. 2026-2029 жылдары 17,5 млрд тенге болатын 3 жоба іске асырылады. Қазір бірінші қонақүйдің құрылысы басталды, — деді облыс әкімі.
Өңір әкімі Маңғыстауда бірнеше термалды көздер орналасқанын, судың құрамы Карловы Вары, Есентуки сияқты әйгілі курорттарға тең екенін атап өтті. Осы орайда, термалды бассейндері бар 150 орынға арналған санаторий-курорттық кешені салынып жатыр. Жобаның жер телімі анықталып, жобалау жұмыстары мен қаржыландыру басталды. Құрылыс 2026 жылы басталып, 2027 жылдың 2 тоқсанында аяқталады.
Сонымен бірге, құрылысы тоқтап тұрған ғимараттарды жаңғырту және оларды тиімді пайдалану жұмыстары басты назарда. Ақтау қаласында 3 жылдан бері тоқтап тұрған санаторий-курорттық кешен жобасын қаржыландыру жұмыстары басталуда. Жобаны 2026 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарға қойылды.
Биыл Маңғыстау облысында экономикалық өсімнің негізгі көрсеткіштері оң динамика көрсеткен. Өңір экономикасының негізгі бағыттары — өңдеу өнеркәсібі, туризм, логистика және балық шаруашылығы болып отыр.