Бір аптада «Семей орманында» 15 өрт ошағы анықталып, дер кезінде жойылды

АСТАНА. KAZINFORM — «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында бір апта ішінде 15 орман өрті тіркелді. Жалпы аумағы 0,4 гектарды құраған өрттердің барлығы резерват қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» мамандарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде толықтай сөндірілді. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлім етті.

Бір аптада «Семей орманында» 15 өрт ошағы анықталып, дер кезінде жойылды
Фото: Ертіс орманы резерваты

Табиғатты сақтау жолындағы маңызды міндеттердің бірі – орман өрттерінің алдын алу және оларды дер кезінде сөндіру.

– Биыл 15–21 маусым аралығында “Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында 15 орман өрті тіркеліп, олардың жалпы аумағы 0,4 га құрады. Барлық өрт ошақтары жедел анықталып, оқшауланып, толықтай сөндірілді, – делінген комитеттің хабарламасында.

Бұл – тәулік бойы еліміздің орман қорын күзетіп жүрген резерват қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» мамандарының кәсіби әрі үйлесімді жұмысының нәтижесі.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өрт қаупі жоғары кезеңде табиғат аясында демалу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертті. 

Келесі нұсқаулықты қатаң ұстануға шақырды: 

  • От жақпаңыз;
  • Темекі тұқылын тастамаңыз;
  • Қоқыс қалдырмаңыз;
  • Табиғатқа ұқыпты қараңыз.

Айта кетейік, былтыр 62,7 мың гектарды шарпыған 609 орман өрті тіркелді.