Бір айға созылған кітап фестивалі аясында мыңдаған кітап төмен бағамен сатылды
АСТАНА. KAZINFORM – 1-31 қазан аралығында еліміздің жетекші кітап және ойын-сауық өнімдерін ұсынатын MELOMAN/MARWIN дүкендер желісі ұйымдастырған дәстүрлі BOOKFEST 2025 кітап фестивалі сәтті өтті.
Бір айға созылған бұл ауқымды мәдени шара Қазақстандағы кітапқұмар қауым үшін нағыз әдеби мерекеге айналды. Фестиваль барысында мыңдаған атаулы кітап жеңілдетілген бағамен сатылымға шығарылып, сатып алушылар арасында құнды сыйлықтар мен тосынсыйлар ойнатылды. Фестивальдің серіктестері — еліміздің азаматтық авиация саласының флагманы Air Astana әуе компаниясы мен Sweatberry Tours туристік компаниясы қатысушыларға ерекше сыйлықтар — Бангкок қаласына әуе билеттері және Linkin Park тобының концертіне арналған авторлық турлар ұсынды.
Фестиваль аясында отандық және шетелдік танымал авторлар, бизнес саласының өкілдері мен медиа тұлғалар қазақстандық оқырмандармен кездесіп, ашық форматтағы сұхбаттар, шеберлік сабақтары мен автограф-сессиялар өткізді. Белгілі қоғам қайраткері Қайрат Жолдыбайұлы, Ұларбек Дәлейұлы, Баянғали Әлімжанов, Жақсылық Сәбитов, Қыран Талапбек, Рашид Нұғыманов т.б. көптеген адамдар MELOMAN/MARWIN кітап дүкендерінде оқырмандар сұрақтарына жауап беріп, автограф-сессиялар өткізді.

Сондай-ақ, қазіргі таңда шығармалары ең көп тиражбен сатылып жатқан белорус жазушысы Олга Примаченко да Алматыға арнайы келіп, оқырмандармен кездесу кешін ұйымдастырды. Бұл сұхбаттар оқырмандар үшін үлкен шабыт көзі болды.
«Букфест — біз үшін жай ғана кітап фестивалі емес, бұл — оқу, шабыт және шынайы қарым-қатынастың мерекесі. Біз оны кітаптың әлі де идеялардың, эмоция мен дамудың ең қуатты көзі екенін еске салу үшін ұйымдастырдық. Жыл сайын фестиваль жазушыларды, баспагерлерді, оқырмандарды, блогерлерді — кітап сүйетін және сөздің күші мен құдіретіне сенетін жандарды біріктіреді.
Meloman/Marwin желісі үшін бұл — Қазақстандағы оқу мәдениетін қолдау, жаңа есімдерді ашу, отандық авторларды насихаттау және жаңа ойлар мен армандар туындайтын тірі кеңістік қалыптастыру мүмкіндігі. Біз кітапқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз, және дәл осындай іс-шаралар бұл қозғалысты одан әрі күшейтеді», - дейді Meloman/Marwin желісінің өкілі Диана Исабекова.
Фестиваль барысында қазақтілді кітаптарға деген сұраныстың артқаны анық байқалды. Қатысушылар отандық авторлардың туындыларына ерекше қызығушылық танытып, жаңа жарық көрген кітаптарды белсенді сатып алды. Сонымен қатар, отандық баспалар ұсынған сапалы аудармалар көптің көңілінен шықты. Атап айтқанда Meloman Publishing және Foliant баспалары Джо Диспензаның «Ақылдың мүмкіндігі шексіз» кітабын тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, көзіқарақты қауымның ыстық ықыласына бөленді. Бұл — еліміздегі кітап оқу мәдениетінің жылдан-жылға жоғарылап келе жатқанын көрсетеді.

Фестивальдің тағы бір жарқын қыры — жастардың белсенділігі болды. Ерекше форматтағы пікірталастар мен шығармашылық кездесулерге студенттер мен жас мамандар көптеп қатысты. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлер үшін ұйымдастырылған арнайы сессиялар бизнес саласына қызығушыларға мол мүмкіндік сыйлады.
Фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ақпараттық серіктестеріміз бен демеушілерімізге ерекше алғысымызды білдіреміз. BOOKFEST 2025 — бұл тек кітап фестивалі ғана емес, еліміздегі мәдени диалогтың дамуына, зияткерлік кеңістіктің кеңеюіне қосылған үлес.
Айта кетейік, Қызылорда қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашылуы мүмкін.