Бір-бірімізді қолдау арқылы ғана биіктен көрінеміз – Олжас Сүлейменов
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылда Қазақстанда маңызы жоғары оқиғалар толы болды. Жаңа жыл қарсаңында Kazinform агенттігіне қоғам қайраткері, ақын, жазушы, дипломат және әдебиеттанушы Олжас Сүлейменов сұхбат беріп, тарихтың тағдырлы тараулары, азаматтық қоғамның рөлі, естелік құндылығы, сондай-ақ келер ұрпақ міндетті түрде нені білуі керек екені жайында әңгімеледі.
– Олжас Омарұлы, он жыл бұрын Мәскеуде «Олжас и Я» кітабы, ал бес жылдан кейін «Олжас и Я. Книга вторая» жинағы жарық көрді. Бұл кітапта әлемнің түкпір-түкпірінен танымал тұлғалардың Сіз туралы естеліктері, сондай-ақ пікірлері мен тілектері жинақталған. Бұған дейінгі сұхбатыңызда: «Биыл бұдан қызықты кітап оқыған жоқпын» деп айтқансыз. Осы кітаптар және олардың авторы туралы айтып берсеңіз...
– Бұл кітап сериясы жобасын іске асыруда ауқымды жұмыс болды және оны жақын досымыз Ермек Алданов абыроймен орындады. Өкінішке қарай, ол қазір арамызда жоқ, ерте (2020 жылы) дүние салды. Екі томда ол бір автордың өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген адамның естеліктері мен пікірлерін жинады.
Мен жақында осы кітаптарды қайта оқып шықтым, таңданыс пен ризашылық сезімінде болдым. Бір кездері кездескен, қиын әрі бақытты кезеңдерді бірге өткізген адамдарды еске алдым. Олардың барлығы бір кітапта жинақталған. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Бауыржан Момышұлы, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Римма Казакова, Юрий Афанасьев, Станислав Говорухин, Полад Буль-бюльоглы, Руслан Хасбулатов, Фазил Искандер, Геннадий Толмачев, Мұрат Әуезов, Евгений Сидоров, Минтимер Шаймиев... Олардың барлығы – біздің ғасырдағы танымал тұлғалар.
Қоғамның дамуы халық үніне құлақ асатын және батыл шешім жасайтын билік пен зиялы қауымның саналы өзара байланысы арқылы мүмкін болады. Осы ретте, зиялы қауым билікті дұрыс шешімдерге бағыттай алады.
...1980 жылдары Моңғолияға сапарым кезінде Орхон стелаларында автомат оқтарынан қалған іздерді байқадым. Жақын жерде кеңестік әскери бөлім орналасқан еді. Ашық аспан астында бір жарым мың жыл бойы ыстыққа, аязға төтеп беріп, Түрік қағанаты және Шыңғысхан империясы кезінде тұрған осы тас қолжазбаларды моңғол және кеңестік мәдениет шенеуніктері оқ ататын нысана ретінде бере салған. Сондықтан бұл ескерткіштерді кез келген моңғол музейіне көшіріп, олардың орнына тас көшірмелерін орнатуды ұсындым. Моңғол билігі бұған келіспеді.
1987 жылы АҚШ-та өткен түркітанушылардың конференциясында ЮНЕСКО-ға хат жаздым, оған бүкіл әлемнен келген түркітанушылар қол қойды. Біз түркі ескерткіштерін қорғауды және Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізуді талап еттік. Түріктанушылардың бір тобы конференциядан тікелей Моңғолияға сапармен кетті. Олардың Ұлан-Батырмен монологы жылдар бойы жалғасты, бірақ нәтижесіз болды.

Тек 90-шы жылдардың соңында ғана оларға Орхон ескерткіштерінің мәдени құндылығын дәлелдей алдық. Жапон қолөнершілерімен келісімге келдік, олар қазір Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде орнатылған ескерткіштің дәл көшірмесін жасады. Күн сайын мыңдаған студент осы тарихи ескерткіштің жанынан өтеді. Дегенмен, олардың арасында аталған тарихи жазбаның қазақтарға қандай жолмен оралғанын білмейтіндер де болуы мүмкін. Бұл маңызды жұмыстар мен оқиғалардың естеліктері жоғалып барады.
Біздің басшылар осы идеяларды қолдап, дамытуы керек еді. Олар бұл бастамалардың ұмытылуына жол бермеуі керек. Осы идеяның ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне жағдай жасауы тиіс. Бірақ олай болған жоқ. Қазір мәдениетте мүлгіген тыныштық еніп келе жатқандай сезіледі. Ескерткіштердің жойылуына үйреніп қалғандаймыз. Алайда жақында ғана болған тарихымыздың ұмытылып бара жатқаны – кешірілмейді. Есте сақталуы тиіс осы маңызды деректер ұмытылып бара жатыр.
– Олжас Омарұлы, өзіңіз құрған «Невада-Семей» қозғалысын Қазақстандағы шынайы азаматтық қоғамның алғашқы көрінісі деп атауға болады. «Невада-Семей» қозғалысы миллиондаған адамды біріктірді. Сол кезде бұл тәуелсіздікке апаратын алғашқы қадамдардың бірі екенін түсіндіңіз бе?
– Бұл нағыз өзара серіктестікке апаратын қадам болды. ХХ ғасыр тарихында алғаш рет тұтас бір елдің халқы өз өмірін қорғау үшін көтеріліп, осы күш-жігермен бүкіл әлемді біріктірді. 1989 жылдың 28 ақпанынан бастап екі миллионнан астам қазақстандық «Невада-Семей» қозғалысының «ПОЛИГОН ЖОЙЫЛСЫН!» үндеуіне қол қойды. Бүкілхалықтық қолдаудың арқасында 1989 жылы біздің қозғалысымыз Семей сынақ полигонында сол жылға жоспарланған 18 жарылыстың 11-ін тоқтатты.
Қараша айында Қарағандыда кеншілердің ереуілін ұйымдастыруға көмектестік. Ұйымдастырушылардың талаптары негізінен экономикалық салаға қатысты болды. Осы орайда талаптар тізіміне негізгі мәселені – ядролық сынақтарды тоқтатуды қосуды талап еттім. Соңғы жарылыс 19 қазанда, яғни ереуіл әлі жалғасып жатқан кезде болды.

«Невада-Семей» жетекшілігімен кеншілер мына талаптарды ұсынды: «1989 жылдың 19 қазанындағы бұл жарылысты сынақтар тарихындағы соңғы жарылыс деп санаймыз. Егер тағы біреуі болса, ереуіл КСРО басшылығы сынақтарды тоқтату туралы жарлық шығарғанға дейін жалғасады! Қазақ КСР-індегі барлық ірі кәсіпорын біздің ереуілге қосылады».
Үндеуді Мәскеуге шұғыл хатпен жібердік және ол ықпал етті. Жетінші жарылыс – соңғысы болды. Семей сынақ полигонында басқа сынақтар болған жоқ. Бұл күнді – 19 қазанды Қазақстан мен адамзат үшін маңызды және есте қаларлық дата ретінде енгізу керек.

Бұл күні қазақ жұмысшылары тарихи үндеу жасады. Жұмысшылардың талаптарын КСРО Жоғарғы Кеңесі қолдады. Билік Новая Земля аумағында резервтік сынақ полигонын іске қосуға тырысты. Менің бастамаммен «Ядролық қарусыз әлем үшін» парламенттік қауымдастығы құрылған Жоғарғы Кеңес мүшелері бұған қарсы болды.
1989 жылы 20 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесі ел Үкіметіне Семей сынақ полигонын жабуды тапсыратын қаулыны, ал 1990 жылы 22 мамырда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Семей полигонын жабу туралы қаулыны қабылдады. Сол кезде халықтың өз жерінде өмір сүру үшін жасаған күресі, бірлескен күш-жігер және объективті түрдегі дәл сол ахуал адамзаттың бейбітшілікке деген ұмтылысымен тұспа-тұс келді. Әрине, бұл қадамдар тәуелсіздік кезеңіне жол ашты. Сонымен бірге, саясаттағы, дипломатиядағы және мәдениеттегі шынайы өзара серіктестік анық көрінді.
– Семей полигонының жабылуы Қазақстанның халықаралық аренадағы ықпалының пайда болуына қалай әсер етті?
– Сол уақытта Қазақстан халқы алғаш рет қырық жылдық нәубетке қарсы көтеріліп, өз қасіреті адамзаттың ортақ қайғысы екенін түсінді. 1990 жылдың мамыр айында Алматыда «Әлемдік сайлаушылар ядролық қаруға қарсы» ұранымен Халықаралық конгресс өткіздік. Сайлаушылар мен сайланатындар алғаш рет бір залда иық тіресе жұмыс істеп, ғасырдың маңызды мәселесін талқылауға қатысты.
БҰҰ штаб-пәтері залында Жаһандық антиядролық альянстың құрылтайшы конференциясын өткізе отырып, әлемдегі барлық ядролық қаруға қарсы және соғысқа қарсы қозғалыстарды біріктірдік. Конференцияда сөз алып, шамамен 200-ге жуық әлем парламенттері «елге және адамзатқа ядролық қару қажет пе?» деген бір сұраққа жауап бере алатындай парламентаралық референдум өткізуді ұсындым. Бұл сұраққа жауап беретін алғашқы парламент ретінде КСРО Жоғарғы Кеңесін есепке алу керек екенін айттым. Егер ең қуатты ядролық державаның парламенті ядролық қарудың қажеті жоқ екенін мәлімдесе, онда басқалары – америкалықтар, ағылшындар, француздар және қытайлықтар келісуге мәжбүр болады.

Көп ұзамай алғашқы парламентаралық делегацияны құрдық: АҚШ-тың екі конгрессмені және екі сенаторы, Англиядан екі парламентарий және КСРО-дан екі адам – атом институтының басшысы Евгений Велихов пен Сүлейменов (Велихов сол кезде ауырып қалды, оның орнына Владимир Якимец барды). Батыс пен Шығыстан келген үш ядролық державадан тұратын мұндай делегация тарихта тұңғыш рет құрылды. Бұл өз кезегінде ыдыраудың емес, күш-жігерді біріктірудің үлкен қадамы болды.
Біздің мақсатымыз – референдумды және парламенттерді ядролық қарусыз әлемге дауыс беруге дайындау. Делегация Мәскеуге әуе көлігімен жетіп, онда Горбачевпен бағдарламамызды талқыладық. Дәл сол күні кешке Лондонға ұштық. Сол кезеңде премьер-министр ауысып жатқандықтан, ол бізді қабылдай алмады. Бірақ миссиямызды кейінге қалдырмадық және Ұлыбританияның қорғаныс министрімен кездесіп, жоспарларымызды баяндадық. Лондоннан АҚШ президенті Бушпен кездесу үшін Вашингтонға бардық. Бірақ ол Мексикадағы сапарынан әлі оралмаған екен. Сондықтан жоспарымызды қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі кеңесшісіне түсіндірдік. Ал шығып келе жатып Ақ үй дәлізінде күтпеген жерден Бушпен кездесіп қалдық. Конгрессмендер бізді таныстырды және дәлізде барлық мәселені талқыладық. Бір сағаттан кейін біздің делегация АҚШ Конгресі жоспарланған референдумға қатысады деген сеніммен Ақ үйден шығып кетті.

Үшінші мыңжылдықта бейбітшілікті сақтап қалу үшін осындай мүкіндік болды. Осы ерекше тарихи сәтті пайдаландық. Барлығы маңызды оқиғаға дайындалып жатты. Кейбіреулер үмітпен қарады. Басқалары біздің елде ерік-жігерді ашық білдіру мүмкін емес деп ойлады. Бірақ Мәскеуде, Нью-Йоркте, Лондонда және басқа да елдердің астаналарында парламентарийлер бейбітшілікке дайын болды.
Референдумда көпшілік ядролық қаруға қарсы дауыс беретінін білдік. Бұл жағдай – орасан зор мүмкіндік. Адамзат саналы өзара серіктестік пен бейбітшілікке сенімді түрде бет бұрды! 1991 жылдың тамызындағы ГКЧП мен Ельциннің билікке келуі бұл идеяны жойып жіберді десек болады. Негізі, ядролық қарусыз әлем идеясын жүзеге асыру мүмкін болды. Сол кезде АҚШ пен КСРО арасындағы қарым-қатынас өзара сенімге негізделген еді. Ең маңызды мәселе – Жердегі тіршілікті сақтау бойынша ынтымақтастыққа деген ұмтылыс болды.
Атап айтқанда, сол кезеңде Қазақстан ерекше мәртебеге ие болды. Содан бері бүкіл әлем елімізді ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде таныды.
Кейінгі 30 жылдан астам уақыт бойы республиканың бүкіл сыртқы саясаты осыған негізделді. Дегенмен, ядролық сынақтарды тоқтату және сынақ полигонын жабудың мән-жайы жеткілікті деңгейде айтылмады.

Сынақ полигонын жапқан президент емес, халық екенін ұмытпауымыз керек! Халық ядролық сынақтарға қарсылық таныту арқылы өз жеріндегі тіршілікті сақтаудың тарихи мүмкіндігін пайдаланды!
Келер ұрпақ бұл жайында біліп, есте сақтауы өте маңызды. Олар мектеп оқулықтарында көрсетілген тарихи (ойдан шығарылған емес!) оқиғалар мен даталарды білуі керек.
– Даталар туралы айтатын болсақ, 2025 жылы Қазақстан мен басқа да елдер Абайдың 180 жылдығын атап өтті. Сіздің басшылығыңызбен Мәдениеттерді жақындастыру орталығы осы мерейтойға арналған ғылыми және мәдени іс-шаралар өткізгенін білеміз...
– Ұлы ақынның әрбір мерейтойы – халық пен мәдениет үшін мереке. Тұңғыш кітабы хәкім дүниеден өткеннен кейін ғана жарық көргені өкінішті. Ол өз идеяларының халық арасында жүзеге асқанын іс жүзінде көре алмады. Сізді оқитын және сізбен бірге өзгеретін оқырманның болуы – ол біз сияқты сөз ұстаған адамдар үшін шығармашылықтың ең үлкен жемісі.

Соғысқа, ашаршылық және қуғын-сүргінге толы ХХ ғасырда тыңдаушылар мен көрермен ретіндегі деңгейден ұлы оқырмандар мен ұлы авторларға дейінгі аралықты жүріп өту мүмкін болды. Сол кезде әдебиет мамандық ретінде бағаланды. Ал ХХІ ғасырда үрдіс тоқтап қалды, яғни кітап оқымайтындар буыны пайда болды. Сондықтан ХХ ғасырдың ең үздік тәжірибесіне оралу уақыты келді. Бір кездері «ұлы оқырман» елін құрған әлеуметтік және мемлекеттік тапсырыс, саяси әрі мәдени тәртіп жүйесін қайта жандандыру керек. Сонда, Абай халқы оқырманы көп ұлт ретінде сақталады.
– Жаңа жылда еліміз Сіздің 90 жылдық мерейтойыңызды атап өтеді. Жақында Әзербайжанның халық жазушысы Эльмира Ахундова: «Олжас Омарұлына не сыйласақ та, ол жеткіліксіз болады. Өйткені, ол бізге одан да көп берді», - деді. Жақында Нобель сыйлығына тағы да ұсынылдыңыз. Бұған қатысты Халықаралық ұйымдастыру комитеті қазіргі уақытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Осы орайда Сіз үшін не маңыздырақ?
– Халықтың мойындауы маңызды. Себебі халықтың сөзін барша әлем естіп, мойындайды ғой. Өтіп бара жатқан осы жылда маған Ингушетия Республикасы тейптер кеңесінің қазақ халқына үндеуі көрсетілді. Ақсақалдардың үндеуі шешендер мен ингуштердың Қазақстанға жер аударылуының 81 жылдығына орайластырылды. Бұл үндеуде есімі аталған қазақ – Олжас Сүлейменов.
КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат ретінде сайланғаннан кейін, өте қажет заңдарды ұсынып, олардың қабылдануына қол жеткіздім. Олардың арасында қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды ақтауға қатысты құжат та болды. Мен бұл ұсынысты жасаған кезде, бір заңгер орнынан тұрып: «Сіз ұсынып отырған бастама заңнамалық тұрғыдан сауатты емес. Жеке адамды ғана ақтауға болады, бірақ тұтас халықты ақтай алмайды» деп мәлімдеді.
Сол кезде: «Сонда, тұтас халықты қудалауға болады да, бірақ оларды ақтауға болмай ма?» деп жауап бердім.

Заңға бірден дауыс беріліп, көп ұзамай қабылданды. Мұндай оқиғаларды тіпті қазіргі депутаттарға да айту керек. Мұндай әрекеттер көп болды. Қазір олар жайында елімізде көп біле бермейді. Бірақ Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің қазақ ақынына арнап «Бакинский рабочий» газетіне осылай жазған еді: «Еліміз үшін ең қиын кезеңдерде Сіз Әзербайжан халқын қолдадыңыз... Біз мұны ұмытқан жоқпыз және жоғары бағалаймыз. Әзербайжан халқы Сізді және Сіздің шығармашылығыңызды жақсы көреді. Сіздің азаматтық ұстанымыз үлкен құрметке лайық».
Бұл құрметті маған тапсырған наградалардан да көруге болады: «Еңбегі үшін» ордені (Ингушетия), «Даңқ» ордені (Әзербайжан), «Құрмет легионы» ордені (мен онымен екі рет марапатталған әлемдегі жалғыз адаммын), «Күншығыс» ордені (Жапония), «Абырой» ордені (Әзербайжан) және басқа да наградалар бар.
Бірақ ең жоғары марапат халықтан келеді. Соңғы онжылдықтарда Олжас есімі тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар басқа елдерде де ең танымал есімдердің біріне айналды.

Бүкіл әлем мойындаған азаматтарымен ел мақтана алады және осы адамдардың ақыл-кеңесіне құлақ аса алады. Тек бірігіп, бір-бірімізді қолдап қана биіктен көріне аламыз. Өзара қолдаудың бұл формуласы өмірлік тәжірибеде бар. Тарихқа үңілсек, халқымыз небір қиын кезеңдерді еңсерді. Бейбітшілікке нұқсан келтіретін кейбір саясаткерлердің әрекеттеріне әлем халқының көңілі толмайды. Қисынсыз шешімдермен бірде-бір халық, барша адамзат келіспейді.
Біз жылдар мен ғасырлар бойы ұзақ, шығармашылық тұрғыда өмір сүруге лайықпыз. Жаңа жылда барлығына осыны тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет!