Бір ғимарат тарихы: Павлодардағы түрме болған нысандар
АСТАНА. KAZINFORM – ХХ ғасырдың басында Павлодарда ерекше тәртіп бұзған адамдарды станицалық уездік басқарма ғимаратына қамаған. Бұл ғимараттың жертөлесінде бірнеше жыл бойы карцер жұмыс істеген.
Станицаның уездік басқарма ғимараты бүгінде сәулет ескерткіші саналады. Ол Павлодардың тарихи орталығында орналасқан және жергілікті маңызы бар мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген.
Ғимарат 1901 жылғы ірі өрттен кейін салынған. Сол өрт кезінде Павлодардың үштен бір бөлігіне жуығы жанып кеткен. Өртке дейін ғимараттардың басым бөлігі ағаштан салынса, одан кейін кірпіш ғимараттар көбейген. Станицалық уездік басқарма бұл үйде 1920 жылға дейін орналасқан, сол кезеңге дейін жертөледе карцер болған.

– Революцияға дейін Павлодардағы атқарушы билік станицалық уездік басқарманың қолында болды. Ол станица жиынында сайланатын, құрамына станицалық атаман, оның көмекшісі, үш судья және қазынашы кірген. Олар станицаның бүкіл азаматтық және шаруашылық істерін басқарды: тәртіпті қадағалап, тұрғындардың мүлкін қорғауды қамтамасыз етті, жолдар мен ғимараттарды жөндеумен айналысты. Станицалық сот құқықбұзушылықтар үшін жаза қолданды. Кінәнің ауырлығына қарай әртүрлі жаза белгіленді: айыппұл, жеті тәулікке қамау немесе 20 рет дүре соғу, - дейді павлодарлық өлкетанушы Людмила Баюшева.

Карцерде ерекше кінәлі деп танылған тұрғындар мен казактар қамауда отырған. 1918 жылы революция басталғанда ақ гвардияшылар жертөлеге большевиктерді, революционерлерді, Совдеп мүшелерін қамаған. Станицалық басқарма ғимаратының қабырғасында нақты не болғанын тек болжауға ғана болады.
Революциядан кейін, 1919 жылы бұл ғимаратта радиобайланыс пункті мен телефон станциясы ашылды. Осы мақсатта ғимарат он жыл бойы пайдаланылған. Кейін мұнда түрлі мекемелер орналасты, ал қазір ғимарат мемлекеттік органдардың қарауына алынған.

Сонымен бірге, Деров есімді көпестің үйінің жертөлесіне түскендерге де оңай болмағаны жөнінде аңыз бар. 1920 жылы бұл ғимаратта мемлекеттік қауіпсіздік органдарының қызметкерлері орналасқан. Аңыздарға қарағанда, «қызыл» офицерлер онда елу жыл бойы азаптаумен айналысқан, ал үйден Ертіс өзеніне дейін атылған адамдардың мәйіттерін алып шығу үшін жерасты өткелі болған деседі.

Қаладағы Астана мен Лермонтов көшелерінің қиылысында 1981 жылы салынған көпқабатты үй тұр. Алайда көптеген көнекөз тұрғындар бұл жерде бұрын «Ақ» түрме болғанын әлі де еске алады. Ол шамамен 1880 жылы көпес Деровтың қаражатына салынған, мұнда қылмыстық істер бойынша сотталғандар, кейіннен саяси тұтқындар жазасын өтеген.

Белгілі тұлғалардың ішінде «Ақ» түрмеде «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхан, сондай-ақ жазушы Александр Солженицын болған. Сталин режиміне қарсы шыққандар да осында жіберілген, қауесеттерге сәйкес, биік қоршаудың ар жағында адам өлтіру жағдайлары да болған.
Бұған дейін Атбасар қаласындағы екі бірегей ғимарат туралы жазған едік.