Бір үзім нанымен бөліскен қазақ халқына алғысымыз шексіз - Герихан Яндиев

Герихан Яндиев
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Басымызға күн туған шақта бізге қолдау көрсетіп, бір үзім нанымен бөліскен қазақ халқына алғысымыз шексіз. Бұл туралы Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Герихан Яндиев айтты.

Оның cөзінше, 20-шы ғасырдың басындағы ашаршылыққа қарамастан қазақтар күштеп Қазақстанға қоныс аударылған өзге көптеген ұлттар сияқты шешен-ингуштерді да құшақ жая қарсы алды.

«Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында қазақтар аштыққа ұрынып, көп ауыртпалық тартқаны белгілі. Қаншама қазақстандық сол ашаршылықтан көз жұмды. Соған қарамастан, қонақжай қазақ халқы сол жылдарда жер аударылып келгендерді кең пейілмен қарсы алып, оларға жанашырлық танытты. Менің әкем 14 ағайынды екен, алыс жолдың ауыртпалығына шыдамай содан 4-еуі ғана аман қалды», – дейді «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының төрағасы Герихан Яндиев.

Осы ретте, ол сол бір қиын шақта қол ұшын беріп, көмегін аямаған қонақжай қазақ халқының жақсылығын Қазақстанда тұрып жатқан әр бір ұлт өкілі білуі тиіс екенін айтуда.

Герихан Яндиев
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

 

«Бүгінде біз Қазақ жеріне, халқына алғысымызды жеткіземіз. Себебі, басымызға күн туған шақта бізге қолдау көрсетіп, бір үзім нанымен бөлісті. Біз соның арқасында аман қалдық, қазірде өзіміздің мәдениетімізді, салтымызды дамытуға мүмкіндік алып отырмыз», – деп түйіндеді Г.Яндиев.

Айта кетейік, өткен 20 ғасырдың 30-шы жылдарының басында тек қана Ақмола облысына 30 мыңнан аса халық жер аударылды. Олардың қатарында шешен-ингуш ұлтының өкілдері де бар. Кейін 1944 жылдың басында КСРО Қызыл Армиясы вайнахтарды Орта Азия мен Қазақстанға қоныс аудару жоспарын жүзеге асыра бастайды. Биыл шешен және ингуштардың тарихи отанынан қасиетті қазақ жеріне келгеніне 80 жыл толады. Бүгінде тек қана Ақмола облысы аумағында 10 мыңға жуық шешен-ингуш ұлтының өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, өз тілдері мен мәдениетін сақтау мүмкіндігіне ие болып отыр.

Соңғы жаңалықтар