Бір жасқа дейінгі балаларға қандай екпелер салыну керек
АСТАНА. KAZINFORM – №11 қалалық емхананың балалар бөлімшесінің меңгерушісі Мөлдір Ибрагимова вакцинациялаудың баланың өмірінің алғашқы жылдарында аса маңызды екенін және Қазақстанның профилактикалық екпелерінің ұлттық күнтізбесінде қандай екпелер көзделгенін айтып берді.
Вакцинациялау инфекцияға тап болғанға дейін иммунитет қалыптастыруға көмектесіп, аурулардың ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендетеді.
Баланың өмірінің алғашқы күндерінде туберкулезге (БЦЖ) және В вирустық гепатитіне қарсы екпелер жасалады.
Ал 2, 3 және 4 айында көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, полиомиелитке, Hib-инфекциясына және пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялау жүргізіледі.
– Вакцинациялау мерзімдерін сақтау және жоспарлы екпелерді өткізіп алмау маңызды. Ата-аналардың сұрақтары немесе күмәні болса, оларды міндетті түрде дәрігермен талқылаған жөн. Вакцинациялау – баланы бүгін және болашақта қорғаудың маңызды жолы, – деді Мөлдір Ибрагимова.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесіне өзгерістер енгізілгені хабарланған. Соның ішінде адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілді.