Бір жыл ішінде Германия автопромы 50 мыңнан астам жұмыс орнын қысқартты
АСТАНА. KAZINFORM – Германиядағы автокөлік өнеркәсібінде бір жыл ішінде қызметкерлер саны 7 пайызға азайып, шамамен 51 500 адам жұмыссыз қалды, деп хабарлайды DW.
EY аудиторлық компаниясының жаңа зерттеуіне сәйкес, неміс автоконцерндері саланың жағдайына байланысты үнемдеу шараларын қабылдауға мәжбүр. Автоиндустрияға Қытайдағы электромобильдер нарығының күрт өсуі – неміс өндірушілері үшін басты экспорттық нарықтағы өзгерістер айтарлықтай әсер етті.
Сонымен қатар, Германиядағы автомобиль өнеркәсібінің ахуалына энергия шығындарының өсуі және АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Еуроодақтан келетін өнімдерге енгізген кедендік баж салығы ықпал етті.
Бұған қоса, Еуропадағы сұраныс 2019 жылғы деңгейге әлі жеткен жоқ.
Экономикалық дағдарыс неміс автопромының өзге сегменттеріне де әсер етті. 2025 жылғы маусымдағы жағдай бойынша бұл салада 5,42 миллион адам еңбек етуде, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға аз.
EY сарапшылары жас мамандар арасындағы жұмыссыздықтың артуына да алаңдаулы.
DPA агенттігінің хабарлауынша, ұзақ жылдар бойы техникалық мамандықтар неміс өнеркәсібінде түлектерге тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін беріп келген, бірақ қазір көптеген жас инженерлерге қайта бейімделу қажет болады.
- Мәселелер мен қысқартуларға тек автопром ғана емес, машина жасау және металлургия да тап болды.
Ал электроника, химия және фармацевтика салаларында жағдай салыстырмалы түрде тұрақты күйінде қалып отыр, - делінген EY баяндамасында.