Бір жылда Қазақстан мен Қытай әуе қатынасы 18 рейске көбейген
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Орталық Азия елдерінің барлығымен дерлік әуе байланысын орнатқан. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Дархан Катышев айтты.

Оның айтуынша, 2024 жылы қазақстандық әуекомпаниялар 15 миллионға жуық жолаушы тасымалдаған. Оның ішінде 55% – ішкі рейстер болса, 45% – халықаралық рейстер. Бұл көрсеткіштер жыл сайын өсіп жатыр.
Жалпы Қазақстанда төрт ірі әуе компания бар: Air Astana, Fly Arystan, Scat және VietJet Air. Олардың барлығы халықаралық рейстерді орындайды.
– Былтыр Қытаймен 60 рейс болса, қазіргі уақытта 78 рейс ұшады, 18 рейске көбейген. Түркиямен, Араб елдерімен рейстер артып келеді, Орталық Азия елдерінің барлығымен дерлік әуе байланысы орнаған. Өзбекстанмен аптасына 51 рейс болса, Қырғызстанмен – 16-18, рейс, Тәжікстанмен – 8-9 рейс ұшады, – деді Дархан Катышев елордада «Орталық Азия + Қытай» авиация мәселелері жөніндегі ынтымақтастық жұмыс тобының конференциясында.
Сонымен бірге, Президент тапсырмасымен 6 өңірде – Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент, Ақтау әуежайларын аэрохаб ретінде дамыту жұмыстары қолға алынған. Оның ішінде Алматы мен Астана әуежайларын шетелдік инвесторлар басқарып, дамытуға мол қаражат бөліп отыр.
Айта кетейік, былтыр «Орталық Азия – Қытай» (C5+1) азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жұмыс тобының алғашқы конференциясы Қытайдың Сиань қаласында өткен еді. Бүгін екінші конференция Қазақстан астанасында басталды.
Бұған дейін Дархан Катышев алдағы уақытта Қазақстаннан қай қалаларға әуе рейсі ашылатынын айтып берген еді.