Бразилия президенті әлем елдерін климатқа қатысты батыл шешім қабылдауға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва дүйсенбі күні әлем елдерін климаттың өзгеруіне қарсы күрес аясында ұлттық деңгейде айқындалған басымдықтарды әзірлеуге және оны барынша іске асыруға шақырды, деп жазды Синьхуа.

Бразилия президенті
Фото: Синьхуа

«Мен елдерді өз міндеттемелерін орындауға шақырамын. Бұл — ұлттық деңгейде айқындалған батыл үлестерді әзірлеу мен жүзеге асыруды білдіреді», — деді ол климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Рама конвенциясына мүше елдердің 30-конференциясын ашу барысында.

Бразилия басшысының айтуынша, климаттың өзгеруі енді болашақтың қаупі емес, бүгінгі күннің трагедиясына айналды. Ол жаһандық жылынудың ауыр зардаптары мен адамдарға әкеліп отырған қайғы-қасіретін атап өтті. Президент Амазонияның «жүрегінде» конференция өткізу шешімін «қиын, бірақ қажетті қадам» деп сипаттады.

«Мен әлем көшбасшыларын климаттың өзгеруіне қарсы күрес шараларын жеделдетуге шақырамын. Адамзаттың қазба отынға тәуелділігін әділ әрі жоспарлы түрде еңсеруге, ормансыздану үдерісін тоқтатуға және осы мақсатқа қажетті ресурстарды жұмылдыруға мүмкіндік беретін жол картасы қажет... сөз іспен ұштасуы тиіс», деді Лула да Силва.

Сонымен қатар ол халықаралық қауымдастықты климатқа қатысты күн тәртібінде адамды басты назарға қоюға үндеді. Оның айтуынша, жаһандық жылыну миллиондаған адамды аштық пен кедейлікке ұрындырып, ондаған жылдар бойғы дамуды кейінге шегеруі мүмкін.

Бразилия президенті әділ экологиялық өтпелі кезеңнің ғасырлар бойы көмірқышқыл газын шығарудан туындаған Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы теңсіздікті азайтуға бағытталуы қажет екенін айтты.

Айта кетсек, Бразилия жаһандық орман қорына инвестиция салатын алғашқы ел болатынын жаздық.

Ал климаттың өзгеруіне байланысты дүниежүзіндегі ормандарға үлкен қауіп төніп тұр.

Соңғы жаңалықтар