Бразилияда автобус пен жүк көлігі соқтығысып, кемінде 11 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Бразилияда автобус пен жүк көлігі жол апатына ұшырап, кемінде 11 адам қаза тапты, тағы 46 адам жараланды. Бұл туралы Синьхуа мәлім етті.

Елдің Федералды жол полициясы сенбі күні хабарлағандай, Бразилияның орталық-батысындағы Мату-Гросу штатында жұма күні кешке тас жолда автобус пен жүк көлігі соқтығысып, кемінде 11 адам көз жұмды, тағы 46 адам жарақат алды.
Agencia Brasil ұлттық ақпарат агенттігінің мәліметінше, жарақат алғандардың ішінде 8 адамның жағдайы жеңіл, 26 адам орташа ауыр жарақат алған, ал 12 адам, соның ішінде жүк көлігінің жүргізушісі ауыр халде жатыр.
Жол-көлік апаты Лукас-ду-Риу-Верди қаласының маңында, Мату-Гросу штатының астанасы Куяба қаласынан шамамен 360 км қашықтықта болған. Автобус Куябадан елдің ірі агробизнес орталығы болып саналатын Синоп қаласына бағыт алған.
Апаттың нақты себептері азаматтық полиция тарапынан тексеріліп жатыр.
Бұдан бұрын сейсенбі күні Бразилияның солтүстік-батысындағы Манаус қаласындағы екі автокөлік зауытында ірі өрт шықты. Жалын 20 сағаттан астам уақыт бойы сөнбегені белгілі болды.