Brexit бойынша Брюссель мен Лондон арасында қайшылықтар көп

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы туралы келіссөздер бойынша ЕО үйлестірушісі Мишель Барнье Брюссель мен Лондон арасында Brexit бойынша айтарлықтай қайшылықтар бар деп есептейді.
None
None

Бұл туралы ол келесі аптаға жоспарланған Brexit бойынша келіссөздердің екінші кезеңі қарсаңында Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Амбициялардағы өзгешеліктердің» мысалы ретінде Барнье Ұлыбританиядағы ЕО азаматтарының құқықтары тақырыбын келтірді.

«Британдық тарап бұл тұлғаларға бүгінгідей өмір сүруге рұқсат бермейді, - деді ол, - Еуропалық одақ Ұлыбританиядағы ЕО азаматтарының британдықтар секілді тең құқыққа ие болғанын қалайды. Ал Ұлыбритания мұндай өзара келісімге рұқсат бермейді».

Жақын арада ол Ұлыбританияның Одақтан шығу талаптарына қатысты негізгі мәселелер бойынша ЕО позициясын баяндау үшін Лондонға жеті құжат жібермек.

Атап өткен жөн, бұған дейін Еуропалық кеңестің президенті Дональд Туск Ұлыбританияның Brexit-тен кейінгі британдық аумақтағы ЕО азаматтарының құқықтарына қатысты ұсынысына сын білдірген еді.

Әңгіме премьер-министр Тереза Мэйдің маусым айында ЕО саммиті аясында жасаған «әділ» ұсынысы жөнінде. Ұсынысқа сәйкес, Ұлыбританияда тұратын Еуроодақ азаматтары бес жылда тұрақты ықтияр хат ала алады. Бұл оларға Brexit-тен кейін мемлекеттік білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерін және әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалануына мүмкіндік береді.

Дегенмен, британдық премьер ЕО сотының Brexit-тен кейін ЕО азаматтарының құқықтарын бақылауға кепілдік етуіне үзілді-кесілді қарсы болды.  Мұнымен Еуроодақ сотының тұрақты құзіретін талап ететін Брюссель де келіспей отыр.

Соңғы жаңалықтар