Бірыңғай QR-төлем жүйесі қолданыстағы терминалдарды ауыстыруды қажет етпейді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанда банктер арасындағы бірыңғай QR-төлем жүйесін енгізу кәсіпкерлерге POS-терминалдарды ауыстыруды қажет етпейді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ұлттық төлем корпорациясының төлем жүйелерін дамыту департаментінің директоры Райымбек Шаймерденов айтты.
— POS-терминалдармен ештеңе жасаудың қажеті жоқ. Сауда орындары қолданыстағы құрылғыларда жұмысын жалғастыра береді, ал банктер бағдарламасын қашықтан жаңартады. Бұған ешкім ештеңе төлемейді. Яғни, банктер мен сауда орындарының қазіргі инфрақұрылымы өзгермейді, — деді ол.
Сонымен қатар Райымбек Шаймерденов жаңа төлем жүйесі арқылы кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы тауарлар мен қызметтерге төлем жасауға болатынын атап өтті. Сондықтан кәсіпкерлерге бірнеше терминал орнатудың қажеті жоқ, ал адамдар қандай банк құрылғысының бар не жоқ екеніне алаңдамайды.
Еске салайық, 13 қараша күні елімізде бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі ресми түрде іске қосылды. Алғашқыда жүйеге Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, Halyk Bank, Altyn Bank, RBK Bank және Home Credit Bank қосылған. Қазір олардың саны артып отыр.
Жалпы барлық банк үшін бірыңғай QR-код жүйесі 2024 жылы Алматыда таныстырылған болатын.