Британдық компаниялар Қазақстандағы жобаларынан бас тартпайды ? Пол Браммелл
АҚТАУ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - "Британдық компаниялар бүгінгі қаржылық жағдайға қарамастан Қазақстандағы жобаларынан бас тартпайды және оны одан әрі өрістететін болады".
Бұл туралы бүгін Маңғыстауға жұмыс сапарымен келген Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Пол Браммелл облыс әкімімен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шетелдік мейманға аймақтағы инвестициялық климат туралы жан-жақты мағлұмат берген облыс әкімі екі ел арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға қатысты бірқатар жобаларға ұсыныс білдірді. Қазір елімізде британиялық бизнес өкілдерінің қатысуымен 40-тан астам кәсіпорын қызмет етуде. «Бізде теңіз табанынан мұнай алуға келгенде жоғары тәжірибеміз бар. Осы салаға еуропалық стандарттарымызды енгізгіміз келеді», деді мейман. Өз кезегінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мұнай саласындағы өндірістік, кадрлық, аймақтағы туристік жобаларға шақыра отырып, бізде ұлттық кадр, ұлттық мұнай өндірушілерге бірінші кезекте мән берілетінін айтты. Пол Браммелл мырза облыс басшысына өзінің Қазақстаннан көріп-білгендерін толық қамтыған жаңа кітабын сыйлады.