Британиялық сарапшылар қазақстандықтарға мерекелік құттықтауларын жолдады
Ричард Уильям Брайант Аткинсон Англикан шіркеуінің мүшесі, Бедфорд қаласының Епископы. Христиан дінінің өкілі Қазақстанда бірнеше рет болып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысты. Епископ төзімділік мәдениеті мен өзара сыйластықты дамыта отырып, зорлық және экстремизм идеологиясына қарсы тұруға болатындығын толық мойындайды. Ол Қазақстанның әлемдік діндер мен конфессиялар арасындағы тікелей сұхбат алаңына айналғанына қуанышты. Епископ сонымен бірге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық діндер мен ұлттар арасындағы татулықтың дамуына қосқан рөлін айрықша атады.
«Халықты біріктіруде дұрыс жол таңдай білу өте маңызды. Қазақстан Президенті мемлекет болашағын бағамдап, дұрыс жол таңдай білді. Президент елдің тарихына, мәдениетіне және рухани түп-тамырына ерекше көңіл бөледі. Ол сондай-ақ әр адам ұлты мен діни сеніміне қарамастан бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін мемлекеттің болашағына зор сеніммен қарайды»,-дейді Бедфорд қаласының Епископы Ричард Аткинсон.
Ал, World PR компаниясының негізін қалаушы және басшысы, 25 жылдан астам уақыттан бері әлемдік бизнес-лидерлері мен мемлекет қайраткерлеріне стратегиялық байланыс мәселелері бойынша ақыл-кеңес берумен айналысып келе жатқан кәсіби PR маман Патрик Робертсон тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстанның оң имиджі қалыптасып үлгергенін айтады.
«Діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты дамыту сияқты ірі саяси бастамалардың арқасында Қазақстан әлемдік аренада ойып тұрып өз орнын ала білді. Меніңше, бұл Қазақстанның өзгеге ұқсамайтын ерекшеліктерінің бірі. Ә дегеннен-ақ, Президент қоғамның көп этникалы және көпұлтты болуына, көптілділіктің дамуына баса назар аударды. Және бүгінде бұл жүзеге асты да. Ал жүйелі түрде ұйымдастырылып тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі батыс халқы түсінетін маңызды месседжге айналды десе болғандай»,-дейді.