Бірлескен отырыс: Парламент Үкімет пен ЖАП есептерін бекітті

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Үкіметінің және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бекітілді.

Бірлескен отырыс: Парламент Үкімет пен ЖАП есептерін бекітті
Фото: Үкімет

Айта кетейік, бұған дейін бюджет туралы Үкіметтің есебі Мәжілісте және Сенатта қаралған еді. Осы орайда Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелерінің ортақ жұмысының нәтижесінде тиісті қорытынды жасалды.

— 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономика 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнімнің ұлғаюы 15 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте инфляция 12,3% деңгейінде қалыптасты. Орташа айлық жалақы 442 мың теңге деңгейінде қалыптасса, жұмыссыздық деңгейі жыл бойы сақтала отырып 4,6 пайызды құрады. Еңбекақының Жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 30 пайыздан асып тұр, бұл Орталық Азиядағы жоғары көрсеткіш. Мақсат — әлемдік орташа көрсеткішке, яғни 40 пайызға жету. Осыған орай Үкімет халықтың табысын арттыру үшін Кешенді шараларды әзірлеп жатыр. Оның аясында қаржылық, салық және басқа да ынталандыру шаралары көзделген. Олар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған, — деді Қаржы министрі Мәди Такиев.

Оның айтуынша, мемлекеттік борыш белгіленген деңгейде тұр. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің 22,8 пайызын немесе 36,4 трлн теңгені құрады.

Сонымен қатар, Ұлттық қордың активтері 2025 жылдың соңында 73,8 млрд АҚШ долларына жетті, оның ішінде 63,9 млрд АҚШ долларывалюталық қордың активтері.

— «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында 2026 жылы әр балаға 130,7 АҚШ доллары бағытталса, 3 жылдың ішінде 370,6 АҚШ доллары есептелді, — деді министр.

Айта кетейік, былтыр республикалық бюджеттің кірістер жоспардан 99 пайызға орындалып, 21,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде республикалық бюджеттің меншікті кірістері трансферттерді есептемегенде 15,3 трлн теңгеге жетті. Салық түсімдері 2,2 трлн теңгеге немесе 17,5 пайызға өсті.

Бұдан бөлек, республикалық бюджет шығыстары 99%-ға орындалып, 25,5 трлн теңгені құрады.

— Үкімет тарапынан барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды. Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталған. Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 2025 жылы 50%- құрады. Жалпы алғанда бюджет, әлеуметтік бағдарланған болып қала береді. Әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге бөлінді, оның ішінде зейнетақы мен жәрдемақыға 5,9 трлн теңге, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2,1 трлн теңге бағытталды. Бұл бағытта Ұлттық жобалар іске асырылды. Нәтижесінде, 198 мектептің және 655 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы аяқталды. 10 мыңнан астам студентке 30 жатақхана пайдалануға берілді, — деді ведомство басшысы. 

Мұнымен қоса, былтыр Инвестициялық штаб жалпы құны 70 млрд доллар болатын 126 жоба бойынша проблеманы реттеп, алдағы жылдары елімізге келетін инвестиция көлемін ұлғайтуға жағдай жасады. Тікелей шетелдік инвестициялар 2025 жылы
2,6 млрд АҚШ долларына немесе 14,5%-ға өсіп, 20,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Жоғары аудиторлық палатаның жауабы

— Республикалық бюджеттің жаңа Бюджет кодексіне сәйкес атқарылуы барысында назар аударуды талап ететін бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Олардың барлығы біздің Есебімізде көрсетілді және Парламентте қаралды. Жоғары аудиторлық палатаның кейбір негізгі ұсыныстарына қысқаша тоқталып өтейін. Біріншіден, мемлекеттік органдарға өз бюджеттерін 15% лимит шегінде нақтылаусыз түзетуге мүмкіндік берілді. Алайда мұндай мүмкіндік қосымша пысықтауды талап етеді. Егер түзетілген бюджетке қатысты есептесек, онда небәрі 8 түзетудің негізінде бастапқыда бекітілген бюджетті толығымен қайта бөлуге болады. Іс жүзінде жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша мұндай қайта бөлу көлемі 90 пайызға дейін жетті. Бұл республикалық бюджет туралы заң жобасын қарау кезінде Парламентте егжей-тегжейлі талқыланып, бекітілген бюджет параметрлерінен едәуір ауытқу тәуекелдерін тудырады. Осыған байланысты, Парламенттің бақылауында болуын қамтамасыз ете отырып, мұндай түзетулердің көлемін шектеу қажет деп есептейміз, — деді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар ол ковенанттардың сақталуына және тұрақты кредиттік рейтингтерге қарамастан, мемлекеттік борышты басқару әрі қарай жетілдіруді талап ететінін жеткізді. Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында көзделген қолданыстағы шектеулерді күшейту керектігіне назар аударды. Бюджеттің өз кірістеріне түсетін жүктемені, қарызды өтеуге жұмсалатын шығыстар көлемін, сондай-ақ жаңа қарыздардағы қайта қаржыландыру үлесін ескеретін қосымша көрсеткіштер қажет. Ал қарыздарды тарту өнімділіктің, экспорттың өсуіне, сондай-ақ олардың салық түсіміне ықпал ету тұрғысынан бағалануы тиіс.

Сонымен қатар Ә. Смайылов Ұлттық қорды басқару жүйесінде қаражаттың түпкілікті алушыға дейін цифрлық қадағалануын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

— Жоспарлаудан бастап нәтижелерді мониторингтеуге дейін барлық процессті автоматтандыру қажет. Бұл ретте мониторинг қаражатты кассалық игеруге емес, сапалық параметрлерге негізделуге тиіс. Ұлттық қордың пайдаланылмаған қаражатын Қордың өзіне қайтару тетігі ерекше назар аударуды талап етеді. Қолданыстағы процедура оларды қайтармауға мүмкіндік береді. Ал бұл ретте қайтарылмаған қаражат көлемі — қомақты, — деді ЖАП төрағасы.

Жалпы, Жоғары аудиторлық палата жүйелі проблемалар бойынша 26 негізгі ұсыныс әзірледі.

— Олар алдағы кезеңде заңнамада көрініс табады деп сенеміз. Ұсынылған шаралар мемлекеттік ресурстарды пайдалану және тұтастай алғанда мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді ол.

Депутаттар анықтаған кемшіліктер

Мәжіліс депутаты Еркін Әбілдің сөзіне қарағанда, ұсынылған талдамалық материалдар деректердің толықтығы мен мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігін бағалау өлшемшарттары тұрғысынан әлі де жетілдіруді қажет етеді.

— 2025 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты сақтап, экономиканың 6,5%-ға өсуін қамтамасыз етті. Тарихта алғаш рет өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі тау-кен өндіру секторынан асып түсіп, 13%-ды құрады. Жұмыссыздық деңгейі төмен деңгейде сақталып, 4,6% болды. Сонымен қатар бірқатар маңызды сын-қатерлер сақталып отыр. Жыл қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 12,3%-ға жетіп, болжамды дәлізден едәуір асып түсті. Бұл халықтың нақты табыстарының төмендеуіне әсер етті. Номиналды табыстардың өсуіне қарамастан, азаматтардың шығыстарының елеулі бөлігі бұрынғыдай азық-түлікке және қарыз міндеттемелерін өтеуге жұмсалуда, — деді депутат.

Атап айтқанда, салық түсімдері бойынша болжамдар қатарынан екінші жыл орындалмай отыр. 2025 жылы салық түсімдерінің орындалмауы 730 млрд теңгені құрады, ал кірістер жоспары 336 млрд теңгеге орындалмады. Жоғары аудиторлық палатаның пікірінше, мұның негізгі себептерінің бірі — салық түсімдерін шамадан тыс оптимистік болжау.

— Бюджеттің Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерге тәуелділігі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. 2025 жылы Ұлттық қордан алынған қаражат көлемі 5,3 трлн теңгені құрады, оның басым бөлігі нысаналы трансферттерге тиесілі болды, — деді Еркін Әбіл.

Сонымен қатар Ұлттық қорға түсетін түсімдердің толықтығы мен пайдаланылмаған қаражатты қайтару мәселелері әлі де өзекті болып отыр. Атап айтқанда, 2023–2025 жылдары Ұлттық қордан бөлінген, пайдаланылмаған, толық пайдаланылмаған немесе нысаналы мақсатына сай жұмсалмаған трансферттердің 82,8 млрд теңгесі Ұлттық қорға қайтарылмаған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджет шығыстары 29,6 трлн теңге көлемінде атқарылғанымен, 303,8 млрд теңге игерілмей қалды. Оның ішінде 243,6 млрд теңге қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты.

— Жыл ішінде республикалық бюджетке сегіз рет түзету енгізілді. Бұл бюджеттік жоспарлау сапасының жеткіліксіз екенін көрсетеді. 2025 жылы жобаларды іске асыру параметрлерінің өзгеруіне байланысты жалпы сомасы 75 млрд теңгені құрайтын 99 бюджеттік инвестициялық жоба қаржыландырудан алынып тасталды. Сонымен қатар жалпы құны 38,2 млрд теңге болатын тағы 14 жоба, оның ішінде Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын 8 жоба толықтай қаржыландырудан шығарылып, көзделген қаражат өзге бағыттарға қайта бөлінді. Келтірілген мысалдар бюджеттік жоспарлау сапасындағы жүйелі проблемалардың сақталып отырғанын айқын көрсетеді, — деді ол.

Депутаттың сөзіне қарағанда, мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындар жылдан жылға артып келеді. 2021 жылдан бері олардың көлемі 2,7 есеге өсіп, 2025 жылы 2,6 трлн теңгеге дейін жетті.

Мұнымен қоса, квазимемлекеттік сектор қызметінің тиімділігіне қатысты мәселелер әлі де өзекті. Мемлекеттік қолдау мен капиталдандыру көлемінің едәуір болуына қарамастан, жекелеген квазимемлекеттік ұйымдардың экономикалық тиімділігіне, қызметінің ашықтығына және дивидендтік саясатына қатысты мәселелер сақталуда. 2025 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің республикалық бюджет қаражаты есебінен алған кірістері шамамен 5 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің 2025 жылға арналған шығыстарының 16,5 пайызына тең.

— Дивидендтер бойынша жоспар 259,2 млрд теңгені құрағанымен, бюджетке нақты 193,3 млрд теңге аударылды. Бұл жоспардың 74,6%-ын құрайды және 2024 жылғы деңгейден (979,8 млрд теңге) бес есе төмен, — деді депутат.

Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралып жатқанын жазған едік.