Бірлік күні: Spectrum мектебінде жәрмеңкеден жиналған қаражат мұғалімнің еміне берілді
АСТАНА. KAZINFORM – Бірлік күніне орай елорданың Spectrum халықаралық мектебінде дәстүрлі «Unity Day» қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Онда 800-ге жуық қонақ мектеп ауласында бас қосып, әлемнің 30-дан астам елінің мәдениеті мен тағамдары таныстырылды.

Spectrum халықаралық мектебінде 30-дан аса елден келген оқушы білім алады. Ата-аналар мен оқушылар өз елдері бойынша ұлттық парад ұйымдастырып, мәдениеттерін таныстыра алды. Ал концерттік бағдарламалар, сан алуан ұлттық тағамдар, шеберлік сағаттары мен мәдени көрмелер және Мальдив аралдарына 5 адамға арналған жолдама ұтысы қонақтардың қызығушылығын тудырды.

Сонымен бірге, фестиваль аясында қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды және жиналған 4,5 миллион теңге қаражат «Білім-Инновация» қорының мұғалімі Бақтияр Омаровтың бауыр трансплантациясына беріледі.

− Бүгін Spectrum International School Қазақстандағы мәдени алуан түрлілік пен ынтымақты бейнелейтін маңызды мереке — Бірлік күнін атап өтуде. Біздің мектепте 30-дан астам елден келген балалар білім алады және біз әртүрлі мәдениеттерді, дәстүрлер мен тілдерді құрметтеп, қолдайтын орта қалыптастырып отырғанымызға мақтанамыз. Бұл күн біздің әр түрлі болғанымызға қарамастан, адамгершілік, өзара құрмет және бірлікке ұмтылу біріктіретінін көрсетеді. Ал қайырымдылық жәрмеңкесі оқушыларымызға біліммен қатар, эмпатия, әлеуметтік жауапкершілік және көмек көрсетуге дайын болу сияқты маңызды қасиеттерді дамытуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Бұл – жаһандық ойлау қабілеті бар көшбасшыларды тәрбиелеудің шынайы мақсаты, − деді мектеп директоры Джонатан Ферейра.

Фестивальде Үндістан, Пәкістан, Сербия, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Ирак, Индонезия, Мысыр және Грузияның елшіліктері өз мемлекеттерін ресми түрде таныстырды.
Сонымен қатар, мәдениет пен ынтымақтастық рухында Қазақстан, АҚШ, Жапония, Түркия, Франция, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Италия, Испания, Мексика, Бразилия, Бельгия, Аустрия, Малайзия, Аргентина, Әзербайжан, Қатар, Кения, Жаңа Зеландия, Беларусь сияқты елдер таныстырылды.

Айта кетейік, 1 мамыр мерекесінің құрметіне бүгін елордада зияткерлік викториналар мен көрмелерден бастап түрлі концерттер мен жарыстарға дейін ондаған мәдени-спорттық іс-шара өтіп жатыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, еліміздің барлық өңірінде «Бірлік жүгірісі – 2025» республикалық марафоны өтті.