Бірінші лига: «Каспий» Жаңаөзенде «Алтай» командасынан басым түсті

футбол
Фото: Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы

ЖАҢАӨЗЕН. KAZINFORM – «Каспий» футбол клубы Бірінші лиганың кезекті туры аясында өскемендік «Алтай» командасымен кездесіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Ақтаулық команда бұл ойынды Жаңаөзенде бірінші рет өткізді.  

Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, 12 сәуір күні өткен ойынға Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев арнайы қатысты. Ол өз сөзінде, бүгінгі ойын қала үшін тарихи сәт болғанын атап өтті. 

– Жаңаөзенде ашық футболдан алғаш рет жарыс өтіп жатыр. Алдымен осы ойынның өтуіне үлкен септігін тигізген облыс әкімі Ноғаев Нұрлан Асқарұлына алғысымды білдіремін. Бұл ойын біздің жастарымызға, өскелең ұрпаққа спорттың жаңа бағытын көрсетіп, серпін береді деген үміттемін. Футбол – халық арасында жоғары танымалдылыққа ие болуда. Сондықтан, ары қарай футболды Жаңаөзен қаласында дамытуды жалғастырамыз деген сенімдемін, - деді Жансейіт Қайнарбаев.

стадион
Фото: Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы

Ойын Жаңаөзен қаласындағы Әмин Тұяқов атындағы стадионда өтті. Кездесуге мыңдаған жанкүйерлер қатысып, жерлестерімізге қолдау көрсетті. Матч қорытындысы бойынша «Каспий» футбол клубы 4:1 есебімен жеңіске жетті.

футбол
Фото: Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы

«Каспий» футбол клубының басшысы Нұржан Жалғасбаев жарысқа спортшылардың дайындығы жоғары деңгейде болғанын айтты.

– Бірінші лига ойындарына ақпан айынан бастап дайындықты бастадық. Бұл «Каспий» футбол клубының жыл басынан бері өткізіп отырған екінші ойыны болды. Алғашқы ойын Арыс қаласында өтіп, жеңіспен оралған болатынбыз. Сол жеңісті нәтижені бүгін тағы қайталадық, - деді Нұржан Жалғасбаев.

футбол
Фото: Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы

Ойын соңында екі команданың өкілдері баспасөз конференциясына қатысып, бүгінгі матч туралы пікірлерімен бөлісті. Алдағы уақытта «Каспий» футбол клубының өз жерімізде болатын жарыстарының барлығы Жаңаөзенде өткізіледі. 

– 32 жылдан кейін қаламызға үлкен футбол қайта оралды. Мен осындай жоғары деңгейдегі жарысқа алғаш рет келіп тұрмын. Маған бүгінгі ойын ұнады. Атмосферасы тым бөлек. «Каспий» футбол клубының жанкүйерімін. Жанымда достарым болды. Барлығымыз ақтаулық командаға сенеміз. Футболшыларымыз жақсы ойын көрсетіп жатыр. Ары қарай да үлкен жеңістер күтеміз. Бүгінгідей жарыстар Жаңаөзенде көбейсе, жанкүйер ретінде қуанамыз, - деді жанкүйер Ернар Нұрланұлы. 

жанкүйерлер
Фото: Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы

Айта кетейік, қала әкімдігі халықтың футболға деген зор қызығушылығын көріп, Жаңаөзенде «Каспий» футбол орталығы бөлімшесінің ашуға қолдау білдіретінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар