Бірінші лигада «Ақжайық» «Астана Жас» командасын ойсырата жеңді

Бірінші лига командалары арасында футболдан ел чемпионатының 24-турында елордада «Астана Жас» командасы Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу қонақтардың айқын басымдылығымен өтті.
Матч барысында украиналық легионер Микола Агапов пен Орал футболының түлегі Бекзат Иманғазиев қос-қостан гол соқса, тағы бір допты Бақдәулет Көңілімқос қарсылас команданың қақпасына енгізді.
Осылайша, «Ақжайық» 5:0 есебімен жеңіске жетті. Оралдықтар 42 ұпаймен бұрынғыша төртінші орында келеді.
Бұл турда Семейдің «Елімайы» «Хантәңірі» командасын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, ұпай санын 62-ге жеткізіп, жекедара көш бастауда. Түркістанның «Тұраны» 53 ұпаймен екінші сатыда тұр.
«Ақжайық» келесі турда 27 қыркүйекте өз алаңында «Жас Қыранды» қабылдайды.