Бірінші Түркологиялық құрылтайдың 100 жылдығы Ыстанбұлда аталып өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Ыстанбұлда Түркі академиясы мен Мармара университеті бірлесіп, 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші Түркологиялық құрылтайдың 100 жылдығына арналған ғылыми-мәдени іс-шара өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Жиын Түркияның ғалымдарын, зерттеушілерін және академиялық қауымдастық өкілдерін біріктірді. Іс-шара түркітану ғылымының дамуына және түркі халықтары арасындағы ғылыми байланыстардың нығаюына зор үлес қосқан тарихи форумның мерейтойына орай ұйымдастырылған халықаралық академиялық кездесулер мен ғылыми пікірталастар сериясының бір бөлігі болды.
Бағдарлама аясында Түркі академиясының ғылыми басылымдары, сондай-ақ Бірінші Түркологиялық құрылтайдың тарихы мен мұрасына арналған архивтік фотосуреттер мен материалдар көрмесі ұйымдастырылды. Ұсынылған еңбектердің қатарында алты түркі тілінде жарық көрген және тарихи съездің 131 делегаты туралы мәліметтер қамтылған «1926 жылғы Баку түркологиялық құрылтайының альбомы» да бар.
Сондай-ақ қатысушыларға түрік және орыс тілдерінде жарық көрген «1926 жылғы Баку түркологиялық құрылтайының архивтік құжаттары» атты кітап таныстырылды. Архивтік материалдарға негізделген бұл басылым Құрылтайдың тарихи мәні мен маңызын жан-жақты ашып көрсетеді.
Іс-шараға Түркі академиясының президенті, академик Шаин Мұстафаев, Мармара университетінің ректоры Мехмет Эмин Окур, түркітанушы ғалымдар және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Шаин Мұстафаев осыдан жүз жыл бұрын Баку түркологиялық құрылтайында көтерілген көптеген мәселелердің бүгін де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл түркітануды дамытуға, білім мен ғылым арқылы түркі халықтары арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ ортақ ғылыми терминология мен ортақ әліпбиді қалыптастыруға қатысты мәселелер.
Академия басшысы 2023 жылы Түркі академиясының үйлестіруімен түркі елдерінің мамандарын біріктірген Ортақ түркі әліпбиі жөніндегі халықаралық комиссия құрылғанын еске салды. Комиссия жұмысының нәтижесінде 2024 жылы Ортақ түркі әліпбиі қабылданды.
Мұстафаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Академия 50-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. Олардың көпшілігі Бірінші Түркологиялық құрылтайдың тақырыбымен тығыз байланысты. Атап айтқанда, түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктері, Түркі мифологиясының энциклопедиялық сөздігі, Түркі руникалық ескерткіштерінің каталогы, «Түркі әлемінің киелі географиясы: археологиялық және сәулет ескерткіштері» жобасы, сондай-ақ «Түркі елдерінің тарихы» жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Іс-шараға қатысушылар Бірінші Түркологиялық құрылтай өткеніне бір ғасыр толса да, тілдік, ғылыми және мәдени өзара ықпалдастық мәселелері әлі де өзекті екенін атап өтті. Сонымен қатар, Түркі академиясының заманауи бастамалары бұл міндеттердің халықаралық деңгейде іс жүзінде жүзеге асуына ықпал етіп отырғаны айтылды.
Бұған дейін Халықаралық Түркі академиясы өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өткені хабарланған болатын. Бұл мерейтой тек мерекелік дата ғана емес, түркі әлемінің ғылыми және мәдени бірлігінің тарихындағы маңызды белеске айналды.
Айта кетейік, Түркия мамандары қазақстандық қолжазбаларды қалпына келтіруге атсалысады.