Брюссель бағыты: Қазақстан үшін Бельгия несімен маңызды
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия корольдігіне ресми сапармен барады. Бұл сапар Астана мен Брюссель арасындағы саяси диалогқа ғана емес, сауда, инвестиция және технология салаларындағы ынтымақтастыққа серпін беруі мүмкін. Kazinform тілшісі екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің негізгі бағыттарын саралады.
Еуропа есігі
Биыл Қазақстан мен Бельгия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 34 жыл толды. Қазақстан 1993 жылы Брюссель қаласында өз елшілігін ашқан болатын. Ал Бельгияның Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігі 2006 жылы жұмыс істей бастады. Осы аралықта қос мемлекеттің алыс-берісі, екіжақты байланысы үзілген емес.
Брюссель – Еуропалық одақтың саяси орталығы, ЕО-ның негізгі институттары мен халықаралық ұйымдар шоғырланған қала. Сондықтан достас ел Қазақстан үшін Еуропамен стратегиялық диалог жүргізетін маңызды алаң саналады. Қазір де Астана Брюссельді Еуропалық одақтағы негізгі саяси әрі экономикалық серіктес ретінде қарастырады. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Брюссельге жасаған алғашқы ресми сапары барысында айтқаны есте.
Қазір де тараптар сауда-экономикалық ықпалдастықты ілгерілетуге ниетті. Жаһандық экономика мен логистика жүйесі түбегейлі өзгерген тұста бірлесіп бағыт алудың мәні ашыла түскен. Еуропаның стратегиялық ресурстарға сұранысы, жаңа көлік дәліздерінің дамуы мен энергетикалық қауіпсіздік мәселелері екі ел ынтымақтастығына жаңа серпін беріп отыр.
Халықаралық қауіпсіздік саласындағы ортақ ұстанымдарды айта кету керек. Қазақстан мен Бельгия терроризммен күрес, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселелерінде ұқсас ойда. Мысалы, Бельгияның Ипр қаласында Семей ядролық полигоны құрбандарына арналған ескерткіш орнатылуы – сөзімізге дәлел.
Экономикалық серіктестік
Бельгия Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвестордың ондығына кіреді және екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс жыл сайын нығайып жатыр. 2024 жылы еларалық тауар айналымы шамамен 456 миллион долларды құраса, өткен жылы 582 миллион долларға дейін өсті.
Биыл да оң динамика сақталып отыр. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, алғашқы төрт айда алыс-беріс 179,5 миллион долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайызға артқан.
Бұл ретте экспорттың өсімі ерекше назар аудартады. 2026 жылыдң қаңтар-сәуір аралығында Бельгияға жөнелтілген экспорт көлемі 10,1 пайызға ұлғайып, 100,4 миллион долларды құрады. Ал импорт 7,7 пайызға қысқарып, 79 миллион долларға дейін төмендеді. Соның нәтижесінде сауда балансының оң сальдосы төрт есе өсіп, 5,6 миллион доллардан 21,4 миллион долларға жеткенін көрдік.
Бұрын Бельгияға экспортталатын өнімдердің басым бөлігін металл мен шикізат құраса, бүгінде тауар түрі әртараптанып келеді. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі артып, Бельгия қазақстандық агроөнеркәсіп өнімдері үшін маңызды еуропалық нарықтардың біріне айналды. Мысалы, қазір зығыр экспорты ерекше қарқынды. Өнім Қазақстаннан Бельгияға жеткізілетін тауардың шамамен үштен екі бөлігін құрайды.
Импорт құрылымы да жаңарған. Дәстүрлі машина мен жабдықтардан бөлек, жоғары технологиялық өнімдер, фармацевтика және өнеркәсіпке арналған тауарлардың үлесі ұлғайып жатыр.
Дегенмен Қазақстан мен Бельгия арасындағы әріптестіктің негізгі тірегі инвестиция деуге болады. Тәуелсіздік жылдарынан бері Бельгия Қазақстан экономикасына шамамен 15 миллиард доллар инвестиция құйды. Соның арқасында елімізде бельгиялық капиталдың қатысуымен ондаған кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Олар химия өнеркәсібі, логистика, инфрақұрылым, энергетика және су тазарту сияқты стратегиялық салаларды қамтиды.
Брюссельмен байланыс не береді?
Кейінгі экономикалық болжамдарға сенсек, Қазақстан-Бельгия ынтымақтастығының тереңдеуі Еуразия кеңістігіндегі жаңа геоэкономикалық үрдіске себеп болуы ықтимал. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Лидия Пархомчиктың айтуынша, Брюссельмен қарым-қатынасты жақсарту Еуропадағы шешім қабылдау орталықтарымен тікелей байланыс орнатуды білдіреді.
– Қазақстан үшін Брюссельмен өзара іс-қимыл ерекше қызығушылық тудырады, өйткені Бельгия геосаяси тұрғыдан Еуропадағы шешім қабылдау орталығы саналады. Елде Еуропалық одақтың негізгі институттары, шамамен 38 ұйым және еуропалық құрылымдардың 30 мыңнан астам қызметкері бар, – дейді Лидия Пархомчик.
Сарапшылардың пайымынша, Президенттің кезекті сапарында жаңа көлік бағыттарын қалыптастыру, шикізат жеткізілімін әртараптандыру мәселесі көтерілетін секілді.
– 2022 жылдан кейін Қазақстанның еуропалық мемлекеттер үшін маңызы артты. Еуропа жаңа көлік бағыттары мен стратегиялық ресурстар алатын балама бағытты белсенді іздеуде. Қазақстан бұл тұрғыда бірегей жағдайда тұр. Бір жағынан, республика Каспий теңізі, Оңтүстік Кавказ және Түркия арқылы Еуропа мен Азияны жалғайтын Орта дәліздің негізгі буынына айналып келеді. Екінші жағынан, елімізде Еуропа экономикасының цифрлық және жасыл трансформациясына қажетті аса маңызды минералдардың мол қоры бар, – дейді Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дың аға оқытушысы, саясаттанушы Мұрад Шәмілов.
Айтылған тұжырым шындыққа жақын әрі нақты жобалармен беки түскен десе де болады. Мысалы, жыл басында логистика саласындағы алып ұйым – «KTZ Express» компаниясы жүк тасымалын дамытуда шешуші қадам жасады. Компания Ақтау, Алят және Поти порттарынан өтіп, Жерорта теңізі арқылы Еуропаның ірі логистикалық хабына жалғасқан болатын.
Лидия Пархомчик аталған тәжірибені Қазақстан үшін маңызды санайды.
– Бельгия тарапынан қызығушылық жоғары екенін көріп отырмыз. Соңғы онжылдықта бұл ел Қазақстан экономикасына шамамен 14 миллиард доллар инвестиция құйды. Жыл сайынғы инвестиция көлемі орта есеппен 1 миллиард доллар деңгейінде сақталып келеді. Яғни Бельгия Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Қазақстанға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл еларалық байланыстың деңгейін айшықтайды, – дейді спикер.
Сарапшылардың ортақ ұстанымы бойынша, Астана мен Брюссель арасындағы болашақ ынтымақтастық сауда көлемін арттырумен шектелмейді. Логистика, стратегиялық минералдар, технологиялар мен инвестициялар саласында жобалар күтіп тұр. Бастысы, екі ел Еуразияның жаңа экономикалық әлеуетін дамытатын болады.
Антверпен бағыты
Соңғы жылдары Қазақстан–Бельгия қатынасы дәстүрлі дипломатия шеңберінен шығып, нақты стратегиялық бағытқа ойысты. Соның жарқын мысалы – отандық өнім Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы Антверпен теңіз портына тасымалданып жатыр.
Бұл жай логистикалық жоба емес, стратегиялық мәні терең қадам десек болады. Өйткені Антверпен – Еуропаның ірі порттарының бірі. Құрлықтағы сауда байланысында елеулі орын алады. Бельгиямен байланыстағы мұндай қадам Транскаспий бағытының Азия мен Еуропаны байланыстыратын балама дәліз ретінде маңызын күшейтетіні анық.
Бұл үдерісті толықтыратын тағы бір бағыт бар, ол – стратегиялық минералдар мен шикізат ресурсы. Еуропалық одақ жасыл экономикаға көшу, жоғары технологиялық өндірісті дамыту және энергетикалық қауіпсіздікті күшейту үшін сенімді ресурс көздерін іздеуде.
Осы орайда Қазақстан Еуропа үшін маңызды серіктеске айналатын секілді. Әсіресе Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіне Қазақстан уранының елеулі әсері барын жоққа шығара алмаймыз. Келешек стратегиялық минералдарға, шикізатқа сұраныс артса немесе жаңа энергетикалық жобалар жүзеге асса, бүтін құрлықтың Қазақстанға бұрылуы ғажап емес. Ол үшін Бельгиямен байланысты бүгіннен нығайту өзекті.
ЖИ мен жаңа білім
Еуропаның жетекші университеттері критикалық және сирек кездесетін металдарды өңдеу бағытында бірлескен жобалар әзірлеуге бейіл. Deep-tech, инженерлік білім беру секілді бұрыннан қалыптасқан әріптестікті де жандандыру жайы көп талқыланады. Алда келісімдерді нақты ғылыми жоба мен ортақ платформаларға айналдыру міндеті тұр.
Бұл міндетті университеттер мен ғылыми ортаның әлеуеті арқылы шешуге болатындай. Мысалы, жуырда Қазақстан Бельгияның KU Leuven университетімен зерттеу бағдарламаларын даярлау және өнеркәсіпке бағытталған шешімдер әзірлеуге келісті. Сонымен қатар Horizon Europe бағдарламасына қатысуды үдетті. Осылайша, ғылым мен бизнес халықаралық консорциумдарға қосылып, бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік алды.
Сарапшылар Бельгияға жасанды интеллект бағытындағы тәжірибемізді бөлісу керек деп санайды. Оның ішінде елдегі ЖИ экожүйесінің маңызды орталығына айналып үлгерген Alem AI платформасын кеңейтуге таптырмас қадам санайды. Alem AI жүйесін Еуропа нарығына жарнамалай алсақ, білім, ғылым, стартап және индустрияны біріктіріп, халықаралық технологияға қол жеткізу жеңілдемек.
Бүгінде мәдени-гуманитарлық байланыстар да қатар дамып келеді. Биыл Бельгияның Гент қаласында «Qazaq Roots» қазақ мәдени орталығы ашылып, қазақ тілін үйрену мен ұлттық мәдениетті насихаттауға арналған маңызды алаңға айналды. Бұған дейін Брюссельде де осындай орталық ашылған болатын.