Брюссель жалға берілетін электросамокаттарға толық тыйым салады
АСТАНА. KAZINFORM - Бельгия астанасы Брюссельде жалға берілетін электросамокаттар көшелерден толықтай алынып тасталады. Тиісті шешімді Брюссель астаналық өңірінің билігі қабылдады. Тыйым 2027 жылдан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бельгиядағы меншікті тілшісі жергілікті Belga агенттігіне сілтеме жасап.
Жергілікті билік мұндай қадамға бірнеше себеп болғанын мәлімдеді. Солардың бірі - электросамокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбейген және атлған көлік түрі жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызады және оны қылмыстық топтар да көп пайдаланатын болған.
Билік дерегінше, есірткі саудасымен айналысатындар электросамокаттарды қала ішінде жылдам қозғалу және полициядан қашу үшін қолданады.
Belga агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Брюссель өңірінде электросамокаттардың қатысуымен болған жол апаттарынан 666 адам зардап шеккен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 25 пайыздан астам жоғары.
Қауіпсіздік мәселесі де шешім қабылдауда маңызды рөл атқарды. Брюссель прокуроры Жюльен Муаньиль соңғы уақытта ортақ пайдалануға берілетін электросамокаттар қаладағы кемінде 25 атыс оқиғасынан кейін күдіктілердің оқиға орнынан тез кету құралы ретінде пайдаланылғанын мәлімдеді.
Қазір микромобильді қызмет көрсететін Bolt пен Dott компанияларымен жасалған келісімшарттардың мерзімі 2026 жылдың соңында аяқталады. Өңір билігі жаңа лицензиялар берілмейтінін хабарлады.
Соған қарамастан Брюссель экологиялық көлік түрлерінен бас тартпайды. Қаладағы Villo! велосипедтерді жалға беру жүйесі 2028 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істейді.
Кейінірек билік Брюссельдің барлық коммуналарында тұрақты аялдау бекеттері бар бірыңғай электр велосипедтері жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр.
Осылайша Брюссель жеке мобильдік құралдарына қойылатын талаптарды күшейтіп жатқан еуропалық қалалардың қатарына қосылды. Бұған дейін Париж, Мадрид және Прага қалаларында да электросамокаттарды жалға беру қызметіне толық немесе ішінара шектеулер енгізілген.
Ал Бішкек жуырда электрсамокаттардың жылдамдығын шектеген болатын.