Брюссельде Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған поэтикалық іс-шара өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Брюссель қаласындағы Қазақ мәдени орталығында ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған әдеби іс-шара өтті.
ҚР Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, іс-шара поэзия бойынша ашық сабақ форматында ұйымдастырылып, Бельгияда қазақ тілі мен мәдениетін үйреніп жүрген балалар мен ересектертер белсенді қатысты. Бағдарлама аясында ақынның өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер орындалды.

Мұқағали Мақатаевтың шығармалары қазақ, француз, ағылшын және нидерланд тілдерінде орындалып, оның поэзиясының көптілді әрі халықаралық ортада да сұранысқа ие екені көрініс тапты.
Жылы әрі еркін атмосферада қатысушылар поэзияның ұрпақтар мен мәдениеттер арасындағы рухани байланыс құралы ретіндегі рөлі туралы пікір алмасты.
Бельгияда қазақ тілі мен әдебиетін насихаттау бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі ретінде өткен іс-шарада, Мұқағали Мақатаевтың поэзиялық мұрасы бүгінгі көпмәдениетті ортада да өзектілігін сақтап отырғанын көрсетті.

Сонымен қатар Астанада Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Қазағым-ай» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
Іс-шарада ақынның өлеңмен өрілген отты жырлары, әуезді әуен мен жанды орындау көрерменге естен кетпес әсер сыйлады.
Концерттік бағдарламада халық сүйіп тыңдайтын әндер ұсынылды. Атап айтқанда, «Айтатын саған сырым бұл», «Аягөз ару», «Жапырақ жүрек жас қайың», «Сәби болғым келеді», «Мен деп ойла», «Есіңе мені алғайсың», «Туған өлке», «Отан», «Саржайлау» және т.б. шығармалары шырқалды.

Әдеби-музыкалық кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, Astana Musical» мемлекеттік театры, «Astana sazy» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «SAZ&SOUL» тобы және «Gulder» ансамблінің балеті өнер көрсетті. Аталған кешке ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақыткүл Мақатаева арнайы қонақ ретінде қатысты. Поэзия кеші ақын шығармашылығын насихаттап, Мұқағали поэзиясының мәңгілік құндылығын тағы бір мәрте айқындай түсті.
Айта кетейік, бүгін, 9 ақпанда қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, лирик ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толды. Ол қазақ әдебиетінде адам жанының ішкі иірімдерін, сезім мен рухани күйді терең бейнелеген ақын ретінде бағаланады.