Брюссельде Үкіметке қарсы жалпыұлттық наразылық шеруі өтті
АСТАНА. KAZINFORM – 12 мамыр күні Бельгия астанасы Брюссельде кезекті ауқымды ереуіл өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.
Әртүрлі мәлімет бойынша, Еуропа астанасының көшелеріне үкіметтің әлеуметтік-экономикалық реформаларына қарсы 40 мыңнан 70 мыңға дейін адам шыққан.
Ереуілді Бельгияның үш ірі кәсіподақ конфедерациясы — CSC/ACV, FGTB/ABVV және CGSLB/ACLVB ұйымдастырды. Акцияға қатысушылар федералды үкімет жүргізіп отырған реформаларға үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, оларды «әлеуметтік сипатқа қарсы» деп атады.
Наразылардың негізгі талаптарының қатарында зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерден бас тарту, инфляция деңгейіне сай жалақыны автоматты индекстеу жүйесін сақтау, сондай-ақ энергия бағасының өсуі жағдайында халықтың сатып алу қабілетін қорғау шараларын қабылдау бар.
Наразылық шаралары премьер-министр Барт Де Вевер бастаған коалициялық үкіметке қарсы кәсіподақтардың шамамен бір жарым жылдан бері жалғасып келе жатқан науқаны аясында өтіп жатыр. Демонстранттар әділ салық саясатын жүргізуді және әлеуметтік кепілдіктерді қысқартудан бас тартуды талап етіп келеді.
Ереуіл күні ел бойынша қоғамдық көлік қозғалысы айтарлықтай іркіліп қалды. Пойыздар, автобустар мен трамвайлар қысқартылған кестемен жүрді. Шарлеруа әуежайы барлық рейсті толық тоқтатты. Сондай-ақ Завентем әуежайы мен елдегі басқа да әуе айлақтарының жұмысына елеулі кедергілер әсер етті.
2026 жылдың наурыз айында өткен бұған дейінгі ірі кәсіподақ акциясына әртүрлі есеп бойынша 80 мыңнан 100 мыңға дейін адам қатысқан. Кәсіподақтар егер жұмысшылардың талаптары ескерілмесе, наразылықтардың одан әрі күшеюі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Бельгия дәстүрлі түрде әлеуметтік қорғау деңгейі жоғары әрі кәсіподақтардың ықпалы күшті елдердің бірі саналады. Алайда қазіргі үкімет реформалары бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарызды қысқартуға бағытталғандықтан, қоғамда қызу пікірталас туғызып отыр.
Айта кетейік, сәуір айында Израильдің бірнеше қаласында Нетаньяху үкіметінің кетуін талап еткен митинг өтті.