«Брюссельдің 20 шақырымы»: 50 мыңнан астам спортсүйер қатысты

АСТАНА. KAZINFORM –Еуропа астанасында жыл сайын өтетін «Брюссельдің 20 шақырымы» атты спорттық шара өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Брюссельдегі «20 шақырымдық жарысқа» 50 мыңнан астам спорт сүйер жан қатысты
Фото: european-athletics.com

20 шақырымдық жүгіру – жартылай марафон емес, бірақ Бельгия астанасы үшін маңызды оқиға. Биыл Брюссель көшелерінің үлкен бөлігі 45-ші рет жүгірушілер мен жаяу жүргіншілер үшін арнайы жабылды.

Шара Бельгия Тәуелсіздігінің 50 жылдығы саябағында басталды. Марафонға қатысушылар келесі кезекте Бельгия астанасының тарихи бөлігі Еуропалық кварталды кесіп өтіп, мәре сызығына Брюссельдегі «Bois de Cambre» үлкен көркем саябағы арқылы жетуі керек болды.

Ұйымдастырушылар бағдар бойымен спорттық шараға қатысушыларды сумен және салқындатқыш сусындармен қамтамасыз ететін орындар қарастырды. Бұл ретте ұйымдастырушыларға мыңнан астам ерікті көмектесті.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы жылы шараға қатысуға 50 мыңнан астам адам тіркелген. Оның 35 мыңнан астамы – жүгіру әуесқойлары, 6 мыңы – жаяу жүруді ұнататындар, 1 мыңы – мүмкіндігі шектеулі жандар.

Шараға қатысушылардың бағыты Бельгия астанасының әйгілі көрнекті жерлері бар аймақтар арқылы өтті.

20 шақырымдық марафонына қатысушылардың арасында Бельгияда тұрып, сонда жұмыс істейтін қазақстандықтар да болды. Отандастар мұндай спорттық шараларға үнемі қатысып, салауатты өмір салтын ұстануға тырысатынын атап өтті.

Жарыс соңында ұйымдастырушылар әр қатысушыға спорттық шараға қатысқаны үшін естелік медаль табыстады.

Бұған дейін елордалық Триатлон саябағында кезекті BI Marathon қайырымдылық марафоны өткенін жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар