Бішкекте қарулы жиһадқа шақырған діни топ мүшелері ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті радикалды такфиристік-джихадистік бағыттарды насихаттаған діни топты анықтады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Арнайы қызметтің мәліметінше, топ мүшелері радикалды-экстремистік көзқарастарды таратып, өз ортасында үгіт-насихат жүргізген. Олар зорлық-зомбылыққа шақыратын материалдарды таратып, басқа ағымдар мен дін өкілдеріне төзімсіздік танытуды насихаттаған.
— Аталған тұлғалардың әрекеттері Бішкек қаласында террористік жерасты ұйымын құруға бағытталуы мүмкін деген негіз бар, — делінген Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті хабарламасында.
2025 жылғы 11 маусымда сот санкциясымен Бішкек қаласындағы он мекенжай бойынша тінту жүргізілді. 10-нан астам адам Қырғызстан ҰҚМК-ға жеткізілді.
Тінту барысында тіркелмеген діни әдебиеттер, экстремистік сипаттағы символика, 1 жауынгерлік граната, әртүрлі таңбалары бар 3 оқ-дәрі, 1 тегіс ұңғылы мылтық, М16/M4 автоматына ұқсас страйкбол қаруы, 1 сигналды тапанша, 2 пневматикалық тапанша, ақша, пышақтар, қылыштар, байланыс құралдары және радикалды мазмұндағы аудио-бейнематериалдар тәркіленді.
— Цифрлық құрылғыларды талдау мен сот-сараптамалық дінтану қорытындысы радикалды-экстремистік сипаттағы аудио-бейнежазбалардың бар екенін растады. Оның ішінде қарулы жиһад пен лаңкестік әрекеттерге шақыру, тыйым салынған халықаралық террористік ұйымдардың қызметінде қолданылатын материалдар анықталды, — деп хабарлады ведомство.
Нәтижесінде, шетел азаматы У.Д.А. мен Қырғызстан азаматы Л.Д.В. ұсталып, СИЗО-21 мекемесіне қамауға алынды. Қалған тұлғалармен профилактикалық жұмыстар жүргізілгеннен кейін олар босатылды.
Бұған дейін Қырғызстан азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салынуы мүмкін екені айтылды.