Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бішкекте ШЫҰ-ның БАҚ және талдау орталықтарының 2026 жылғы саммиті ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қырғызстан астанасы Бішкекте «Жаңа дәуірдегі «Шанхай рухының» маңызы: құндылықтар консенсусынан ынтымақтастық тәжірибесіне дейін» тақырыбымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) БАҚ және талдау орталықтарының 2026 жылғы саммиті өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Синьхуа.

Бішкекте ШЫҰ-ның БАҚ және талдау орталықтарының 2026 жылғы саммиті ашылды
Фото: Кабар

Саммитке ШЫҰ-ға мүше елдердің 150-ге жуық жетекші бұқаралық ақпарат құралының, танымал талдау орталықтарының, мемлекеттік органдарының және ШЫҰ хатшылығының шамамен 260 өкілі қатысып жатыр.

Саммиттің ашылу рәсімінде Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ақпараттық саясат қызметінің жетекшісі Дайырбек Орынбеков қазіргі әлемде бұқаралық ақпарат құралдары мен талдау орталықтары қоғамдық пікірді қалыптастыру, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде маңызды жауапкершілік арқалайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл саммит ШЫҰ аясындағы ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға, ғылыми-сараптамалық ынтымақтастықты дамытуға және халықтар арасындағы достық байланыстарды күшейтуге ықпал етеді.

«Синьхуа» ақпарат агенттігі бас директорының орынбасары Си Яньчунь өз сөзінде агенттік ШЫҰ туралы оқиғаларды кеңінен насихаттап, ұйымның үнін халықаралық деңгейде жеткізуге ұмтылып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары мен талдау орталықтары алдағы уақытта да ұйым аясында көпір әрі байланыстырушы буын қызметін атқарып, бірлік пен өзара сенімді нығайтушы, даму мен өркендеудің қозғаушы күші, гуманитарлық алмасуларды дамытушы, көпжақтылықты қолдаушы және практикалық ынтымақтастықтың бастамашысы болуы тиіс.

Қырғыз ұлттық «Кабар» ақпарат агенттігінің директоры Медербек Шерметалиев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер талдау орталықтары арасында тұрақты диалог тетігін құрып, бірлескен зерттеулер жүргізіп, жас сарапшыларды даярлап, БАҚ қызметкерлері арасындағы тәжірибе алмасуды кеңейтіп, зияткерлік, ақпараттық және гуманитарлық ынтымақтастықты жүйелі түрде тереңдетуі қажет екенін айтты.

ШЫҰ хатшылығының аға сарапшысы Қадырбек Сарбаев бұл саммит ұйым аясындағы БАҚ пен талдау орталықтары арасындағы алмасу мен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ ұйымның ұзақ мерзімді дамуына серпін береді деген пікір білдірді.

Өзбекстан Ғылым академиясының Жаңа тарих орталығы бөлімінің меңгерушісі Мирзохид Рахимов ШЫҰ Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеттердің өзара ықпалдастығының бай мұрасына сүйеніп, талдау орталықтары арасындағы байланысты кеңейту арқылы өңірдің өзара ықпалдастығын, тұрақты дамуы мен тұрақтылығын нығайтуы қажет екенін айтты.

ШЫҰ-ның БАҚ және талдау орталықтарының 2026 жылғы саммиті Бішкекте 26–30 шілде аралығында өтетіні жоспарланған. Іс-шараны «Синьхуа» ақпарат агенттігі мен Қырғыз ұлттық «Кабар» ақпарат агенттігі ұйымдастырды.

Саммит аясында «Си Цзиньпиннің партия құрылысын дамыту жөніндегі идеяларының қазіргі ерекшелігі мен жаһандық маңызы» атты екі талдау орталығының қырғыз және орыс тілдеріндегі баяндамасы, сондай-ақ «Теңдік пен әділеттілікті қорғау, жаһандық басқаруды жетілдіру: ШЫҰ ынтымақтастығының жетістіктері, мүмкіндіктері және перспективалары» баяндамасының қытай, ағылшын, қырғыз және орыс тілдеріндегі нұсқалары таныстырылды.

Еске сала кетсек, бұған дейін ШЫҰ саммитіне байланысты Бішкек тұрғындарына қаладан уақытша кетуге кеңес берілді.