Бішкекте VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанаты өтеді
БІШКЕК. KAZINFORM — VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанаты Қырғызстан астанасында 2026 жылдың күзінде өтеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

ДКО хатшылығының басшысы Нұрсұлтан Аденов «Биринчи радио» эфирінде VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы туралы баяндады.
— 2026 жылғы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық алдын ала басталды. Ұйымдастыру комитеті құрылды, оның құрамына барлық министрліктің өкілдері кіреді. Іс-шаралардың әзірленген жоспарына сәйкес, Ойындар 2026 жылдың қыркүйек айының басында басталады деп жоспарланған. Бүгінде әлемнің 100 еліне шақыру жіберілді. Жақын арада VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жаңа сайтын әзірлеу аяқталады, онда іс-шара туралы толық ақпарат бірнеше шет тілінде орналастырылады. Ойындар ерекшелігі — олардың ашылу және жабылу салтанаты 51 мың көрерменді сыйдыра алатын қалалық «Бішкек Арена» стадионында өтеді. Одан кейін барлық спорттық және мәдени шара тиісті инфрақұрылымы бар Ыстықкөл өңірінде жалғасады, — деп хабарлады ол.
Нұрсұлтан Аденовтың айтуынша, қазірдің өзінде күрес, ат спорты, зияткерлік және ұлттық ойындардың бірнеше түрін қамтитын спорттық бағдарлама құрылды.
Бұдан бұрын Қырғызстанда өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындары тізімінен қазақ көкпары алынып тасталды деген ақпарат тарады.
Астанада 2024 жылы өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны несімен есте қалғанын келесі материалдан оқи аласыз.