13:10, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
«БТА банкі» басшылығы банк төңірегіндегі алыпқашпа әңгімелерді теріске шығарып, бұрынғысынша жұмыс жасап отырғандарын мәлімдеді
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін «БТА банкі» Астана қалалық филиалының басшылығы баспасөз мәслихатын өткізді. Банктің қаладағы филиалының директоры, Басқарма мүшесі Бақыт Отарбеков банк төңірегіндегі алып қашпа және дүрлікпе әңгімелерді теріске шығарып, банктің Қазақстан бойынша бөлімдері бұрынғы ретпен жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңізге белгілі, ақпанның 2-сі күні мемлекет «БТА банкінің» капиталына қатысатындығы жөнінде хабарлап, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ арқылы банктің шотына 212 миллиард теңге аударды. Мемлекеттің банктің капиталына қатысуы, банкке деген жоғары сенімділікті көрсетеді. Бүгінде «БТА банкінің» жаңа басшылығы жасақталды және халық арасындағы алып қашпа әңгімелерге қарамастан, банктің Қазақстан бойынша бөлімдері бұрынғы ретпен жұмыс істеп жатыр», - деді Б.Отарбеков. Сондай-ақ, оның атап көрсеткеніндей, Үкіметтің шешімімен «БТА банкі» экономиканы тұрақтандыру бойынша мемлекеттік базалық бағдарламалардың барлығына қатысатын болады. Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға мемлекеттік бюджеттен бөлінген 120 миллиард теңгенің 40 миллиарды «БТА банкіне» берілді. Бұл бағдарлама бойынша бюджет саласының қызметкерлері үшін тиімді пайыздық үстеме 9 пайыз, басқа санаттар үшін 11 пайыз болып белгіленді. Алматы мен Астанадағы құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешендерін қаржыландыру бағдарламасы бойынша үлескерлер үшін пайыздық мөлшерлеме 10,5, ал құрылыс жүргізушілер үшін 12,5 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ банкке шағын және орта бизнес субъектілерін несиелеу мақсатында 22 миллиард теңге (Астанаға 5,5 млрд теңге) бөлінді. Бүгінде кәсіпкерлер 12,5 пайызбен несие ала алады. Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Банктің Директорлар кеңесінің төрағасы Арман Дунаев, ал Банктің Басқарма бастығы Әнуар Сайденов болып табылады.