17:19, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
БТА банкінің басшылығы мемлекеттік қаржының игерілуін бақылау жөніндегі комиссия өкілдерімен кездесті
АЛМАТЫ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы «БТА банкі» АҚ-ның Директорлар кеңесінің төрағасы Арман Дунаев пен банктің басқа да топ-менеджерлері дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінген мемлекеттік қаржының игерілуін бақылау жөніндегі комиссия өкілдерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат БТА банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінген мемлекеттік қаржының игерілуін бақылау жөніндегі бұл комиссия «Нұр Отан» ХДП бастамасымен қаңтар айында құрылған болатын. Кездесудің басты мақсаты ? ел экономикасын тұрақтандыру жөніндегі үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларын жүзеге асыруға қатысуда БТА банкінің барынша ашық және айқын болуын қамтамасыз ету. «Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінген мемлекеттік қаржының игерілуін бақылау жөніндегі бұл комиссияның құрамына партия мүшелері ғана емес, сонымен бірге Парламент депутаттары мен жұртшылық өкілдері де қатысады. Қазір басым міндеттерді анықтау және оны бұлжытпай орындау бойынша жұмыстар атқарылуда», - дейді «Нұр Отан» ХДП төрағасының орынбасары Дархан Қалетаев. А. Дунаевтың айтуынша, БТА банкі экономиканы тұрақтандыру бойынша мемлекеттік негізгі бағдарламалардың бәріне белсене қатысады. Оның ішінде, шағын және орта кәсіпті несиелендіру, ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру, агроөнеркәсіп кешендерін және Алматы мен Астанадағы аяқталмаған тұрғын үй кешендерін қаржыландыру бар. Ал банктің Басқарма төрағасының орынбасары Генриг Холодзинскийдің сөзіне қарағанда, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Даму» тұрақты даму қоры» АҚ-дары арасындағы келісімге сәйкес шағын бизнесті несиелендіру үшін банк 22 миллиард теңге алған. Бұл екінші деңгейлі банктерге бөлінген 117 миллиард теңгенің 18,8 пайызын құрайды. Қаңтардың 20-сынан мамырдың 5-іне дейін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қаржысынан шағын бизнес субъектілері үшін 250,7 миллион теңге кредит берілді. Қазіргі таңда 5 миллиард теңгеден асатын сомадағы жобаларды қаржыландыру қарастырылуда. Банк сәуірдің 1-іне дейін мемлекеттік қаржының 11-12 миллиардын, ал мамырдың 15-іне дейін оны игеруді толығымен аяқтауды жоспарлап отыр.