БТА банктің басшылығы өз қызметкерлерін Қазақстаннан кетуге мәжбүрлеген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотында БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязовтің ісі бойынша сотталушылардан жауап алу басталды. Бірінші болып, сот алдында БТА банктің несиелеу бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БТА банктің басшылығы өз қызметкерлерін Қазақстаннан кетуге мәжбүрлеген

«2001 жылы 31 қаңтарда Жарымбетов (БТА банктің басқарма төрағасының орынбасары - несие беру комитетінің төрағасы) мені өз үйіне шақырып, банктен жұмыстан кетуге үгіттеді. Ол сондай-ақ елден тездетіп кетуді де ұсынды. Өз ұсынысын ол банкке мемлекеттің кіруімен және өзінің қызметтен шеттетілуімен, сондай-ақ, өзінің және басқа да қызметкерлердің тұтқындалуы мүмкін екендігімен түсіндірді. Атап айтарлығы, ол кезде менің елден кету керек деген ойым болған жоқ»,- деді сотталушы.

Ол өз қызметін номиналды түрде атқарғанын мәлім етті. Барлық жағдайда тек басшылықтың нұсқауын орындағанын айтты.

«2 ақпанда мен Бішкекке кеттім. 3 ақпанда Жарымбетовпен бірге Мәскеуге аттандық. Ол жерде 2009 жылдың 19 наурызына дейін болдық. Мәскеуде жүргенде Жарымбетов маған банктің басқа қызметкерлерімен кездесіп, бірлесіп әрекет етуді ұсынды»,- деді Қайрат Садықов.

Сотталушы өз сөзінде одан әріде банктің қашқын қызметкерлеріне нақты нұсқаулар беріліп отырғанын айтты.

«Банктің бұрынғы жетекшілері мен қазақстандық адвокаттар егер біз Қазақстанға қайтап оралатын болсақ, түрмеге қамалатынымызды ұзақ уақытқа сотталатынымызды айтумен болды. Сол адвокаттар Мәскеуде қалуымыздың да қауіпті екенін ескертіп, сол себептен Украинаға кетуге кеңес берді»,- деді ол.

Көп ұзамай 2009 жылы 20 наурызда ол Киевке барады. Сол қалада 2016 жылы 9 маусымға дейін, яғни, Қазақстанға оралғанша тұрыпты.

«Банктің бұрынғы басшылығы маған 2011 жылдың желтоқсан айына дейін материалдық көмек көрсетіп отырды»,- деді сотталушы.

Айта кетелік, сотталушылар орындығында үш адам отыр: олар БТА банктің бұрынғы басқарма төрағасы Садуақас Мәмеш, басқарма төрағасының бірінші орынбасары - несие беру комитетінің төрағасы Жақсылық Жарымбетов, несие беру жөніндегі директор Қайрат Садықов. Мұхтар Әбілязовтың өзі сотқа келген жоқ. Оның мүддесін сотта мемлекеттік қорғаушы Анжелика Әжіғұлова қорғайды.