Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

B'Tselem Израиль билігін этникалық тазартуды қолдады деп айыптады

АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің құқық қорғаумен айналысатын B'Tselem ұйымы басып алынған Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы Дейр-Джарир палестиналық ауылына заңсыз еврей қоныстанушылары жасаған шабуылды айыптады, деп хабарлайды Анадолу.

B'Tselem Израиль билігін этникалық тазартуды қолдады деп айыптады
Фото: Анадолу

Шабуыл салдарынан 26 жастағы Ахмед Әбу Муху мен 53 жастағы Авда Фарахне қаза тапты. Тағы үш палестиналық жарақат алған, олардың бірінің жағдайы ауыр.

B'Tselem ұйымының директоры Юли Новак болған оқиғаны Израиль билігінің палестиналықтарға қарсы «этникалық тазартуды» қолдайтынының айқын дәлелі деп атады.

Ұйымның мәліметінше, қоныстанушылардың рейді Израиль әскері мен полициясының сүйемелдеуімен жүзеге асқан.

– Қоныстанушылар палестиналықтардың жеріне басып кіріп, оны тонап жатқанда, әскер мен полиция оларды қорғап, өз үйлері мен мүлкін қорғауға тырысқан палестиналықтарға оқ жаудырады, – деді Юли Новак.

B'Tselem сондай-ақ Ахмед Әбу Мухудың өлімге әкелген жарақат алу сәті түсірілгені айтылатын бейнежазбаны жариялады.

Ұйым халықаралық қауымдастықты да Израильдің заңсыз әрекеттеріне жол беріп отыр деп айыптады.

Бұған дейін Палестина Денсаулық сақтау министрлігі Батыс жағалаудағы Дейр-Джарир елді мекеніне заңсыз қоныстанушылар жасаған шабуыл салдарынан Авда Абдуррахим Авда Фарахне мен Ахмед Әділ Рашид Әбу Мухудың қаза тапқанын хабарлаған.

Айта кетейік, бұған дейін Лондонда антимигранттық және Палестинаны қолдау шерулеріне ондаған мың адам шыққанын жаздық.