Бу қазандығындағы жарылыс: Адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында адам өліміне алып келген бу қазандығының жарылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аумақтық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бу қазандығындағы жарылыс: Адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

«Зеренді ауданы Приречное ауылының 50 жастағы тұрғынының бу қазандығы жарылуы салдарынан опат болуына байланысты ҚР ҚК 156 бабының 3 бөлігі (еңбекті қорғау ережесінің бұзылуы) бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген Ақмола облысы бойынша ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ведомствоның дерегі бойынша тергеу амалдары шеңберінде бірқатар сараптамалар тағайындалды.

Еске сала кетейік, қарашаның 23-і күні  сағат 16:20-да Зеренді ауданының Приречное ауылындағы ЖШС-нің біріне тиесілі ғимараттың бу қазандығы жарылды. Салдарынан 50 жастағы жергілікті тұрғын көз жұмды. Тағы екі адам түрлі дене жарақатымен Ақмола облыстық ауруханасына жатқызылды.