20:01, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Бұдан былай Үкіметке электр энергиясының шекті тарифтері туралы ұсынысты Энергетика министрлігі енгізетін болады - К. Мәсімов
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бұдан былай Үкіметке еліміздегі электр энергиясының шекті тарифтері туралы ұсынысты Табиғи монополияларды реттеу агенттігі емес, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі енгізетін болады. Мұндай тапсырманы аталмыш министрліктің бүгінгі кеңейтілген алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Сіз бүгін электр энергиясының шекті тарифін Үкіметке кім енгізетіні жайлы айттыңыз. Бұны Сіз енгізетін боласыз, мен бүгін осындай шешім қабылдаймын», деді алқа мәжілісінде Премьер-Министр. Осы орайда К. Мәсімов Премьер-Министрдің кеңсесіне министрлікпен бірлесіп, бұл үшін не қажет екенін пысықтауды жүктеді.Алқада министр Сауат Мыңбаев министрлік Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен бірлесіп электр энергиясына арналған баға белгілеу ережесін анықтағанын айта келе: «Салалық реттеуіштер туралы және Электр энергетикасы туралы заңнамаларға түзетулер енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін құнын көтеру арқылы электр энергиясының ұзақмерзімді тарифтерін бекіту көзделіп отыр. Бұл электр стансалары қожайындарының жеке инвестициясына айырбастау арқылы іске асырылмақ. Осылайша шекті тарифтер аясында министрлік энергия өндіретін ұйымдармен инвестициялық міндеттер туралы келісім жасайтын болады және оларды іске асыру бақыланады. Электр энергиясының шекті тарифтері туралы ұсыныстарды әзірлеуді және Үкіметке енгізуді біздің министрлік жүзеге асыруы қажет деп санаймыз», деп атап көрсеткен болатын.