Бүгін Әлем біріншілігінде толағай табыстарға қол жеткізген Қазақстанның ауыр атлетшілері елге оралады
АСТАНА. Қарашаның 30-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақстанның ауыр атлетикасы әлемдік биіктерді бағындырды. Бүгін ауыр атлетші спортшыларымыз елге оралады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеше, қарашаның 29-ы күні, Оңтүстік Кореяның Гоянг қаласында аяқталған ауыр атлетикадан өткен Әлем біріншілігінде Қазақстанның зілтемірші спортшылары 4 алтын, бір қола медалді иеленіп, жалпы командалық есепте екінші орынға көтерілді.
7 алтын, үш күміс, үш қолаға ие болған Қытай спортшылары бірінші орынға шықты. Осы әлемдік додада екі алтын, екі қола жүлдені жеңіп алған Оңтүстік Кореяның зілтеміршілері үшінші орынды иеленді. Төртінші орында 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль алған Армения, 1 алтынды иеленген Польша командасы бесінші орында, ал алтыншы орынды үш күміс иеленген Ресей спортшылары қанағат тұтты.