Бүгін Астанада дәстүрлі қазақ музыкасын зерттеуші, профессор «Болат Сарыбаевтың музыкалық аспаптар коллекциясы» атты көрме ашылады

None
None
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін сағат 16-00-де Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында дәстүрлі қазақ музыкасын зерттеуші,
ұлттық музыка аспаптарын жинаушы, профессор «Болат Сарыбаевтың музыкалық аспаптар коллекциясы» атты көрме ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Көрме қазақ халқының музыка саласындағы бай мұрасын көпшілікке танытып, ұлттық аспаптарымыздың тарихы мен сан алуан түрлерінен жұртшылықты хабардар ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар онда әр аспаптың өзіндік ерекшеліктері мен ұлттың өмірінде алатын орны жөнінде де мол мағлұматтар алуға болады. Көрме сондай-ақ түркі тектес халықтардың ортақ мәдени мұрасы, яғни көне музыкалық аспаптары жайындағы танымдық, тәрбиелік тағылымы зор, мәдени-этикалық, тарихи-эстетикалық құны мол мұраларымызды ұрпаққа үлгі ету болып отыр. Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, көрмеге қойылатын музыкалық аспаптардың қатарында қияқпен ойналатын ыспалы аспаптар, сондай-ақ шертпелі, үрмелі, ұрмалы және шулы аспаптар бар. Сондай-ақ онда Болат Сарыбаевтың коллекциясынан орын алған өзге де халықтардың ұлттық аспаптарын тамашалауға болады. Атап айтқанда, онда Куба елінің барабаны мен сылдырмағын, үнділердің кеманча мен чидесін және қоңырауын, сондай-ақ Сирия, Хакас, Лаос мемлекеттері мен мажарлардың және түркі тілдес халықтардың көптеген аспаптары қойылады. Көрменің ашылу салтанатына Президенттік мәдениет орталығының директоры, ғалым Мырзатай Жолдасбеков пен «Нұр Отан» партиясының ХІІ съезіне қатысатын делегаттар, мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Астана қаласы әкімдігінің қызметкерлері, қоғам және мәдениет қайраткерлері мен ақпарат құралдарының өкілдері қатысады деп күтілуде. Көрме маусымның 8-іне дейін жалғасады.
Соңғы жаңалықтар