Бүгін Астанадағы Аграрлық университеттің 50 мыңыншы түлегі құрметке бөленіп, салтанатты жағдайда табысталған дипломын алды

Конгресс-Холл сарайында өткен шараға университетті әр жылдары басқарған ректорлар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Кенжеғали Сағадиев пен Бекен Әлімжанов, сондай-ақ оқу орнының бұрынғы түлектері болып табылатын Парламенттің аталмыш палатасының тағы бір топ депутаттары, бірқатар жекеменшік кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстандағы Қытай Елшісі Чжоу Ли және Қазақстандағы Үндістан Елшісі Ашок Санджанхар қатысты.
«Астананың тұңғыш жоғары оқу орны болып саналатын ордамыз өзінің алғашқы дипломдарын 1963 жылы 250 түлекке табыстады. Уақыт өте келе, бұрынғы Ақмола кейіннен Целиноград ауыл шаруашылық институты болған ЖОО-да жаңа факультеттер ашылды. Ал 1975 жылдан бастап орта есеппен алғанда жылына 1200 түлекке өмірге жолдама беріліп келді. Міне, биыл ҚазАТУ бұл құжатты білім қуған жастарға 48-ші рет тапсырғалы отыр. Бүгінгі таңда біздің түлектер жұмыс істемейтін бірде-бір өңір мен мемлекеттік орган жоқ», - деп атап өтті өз сөзінде университет ректоры Айтбай Бұлашев.
Биыл ҚазАТУ қабырғасынан 1496 студент түлеп ұшатын болса, оның 194-і оқуды үздік аяқтап отыр.
А.Бұлашевтың айтуынша, 50 мыңыншы түлек - дипломдарды тіркеу реті бойынша анықталды. Шараның соңына дейін жасырын болып келген студенттің есімі - Мұрат Рақымжанов. Техникалық факультеттің түлегіне арнайы дайындалған медаль, сертификат пен 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы табысталды.
Қомақты қаржылай сыйлықты сондай-ақ, «Ең үздік студент» атанған Жадыра Имашева және әр факультет бойынша үздік деп танылған 8 студент алды.