Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде ведомствоның 2009 жылғы жұмысының қорытындысы шығарылады

Сондай-ақ Кедендік одақтың жұмысының басталуына байланысты министрліктің алдында түрған мәселелер таныстырылады және шет мемлекеттерге қазақстандық жерлердің берілетіні туралы шындыққа жанаспайтын мәліметтерге түсініктеме беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы желтоқсанның 23-інде «Егемен Қазақстан» республикалық басылымының жаңа кеңсесінде болған кезде журналистер тарапынан қойылған сауалға жауап беріп, қытайлықтарға жердің сатылатыны туралы жалған ақпарат таратушыларды жауапқа тартуды тапсырған болатын.
«Тікелей эфирде мен, біз жерді, мысалы Қытайға, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін бере алатынымызды айтқан болатынмын. Кейбір адамдар жер сатылады деп айта бастады. Мен қысқа жауап беремін. Жер кодексінің 23-ші бабында жердің шетелдіктерге сатылмайтыны анық жазылған. Бұған не қосып айтуға болады?», деді Президент.
Желтоқсанның 30-ында Бас прокуратура ҚХР-ға экспортқа шығару мақсатында ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін жер бөлуге қатысты шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтердің таратылуына байланысты барлық бұқаралық ақпарат құралдарына, қоғамдық бірлестіктерге және өзге де мүдделі тұлғаларға жолданған
мәлімдеме жасаған болатын.
Анық ақпаратты білместен және істің шынайы жағдайын қасақана бұрмалап, арандатуға ниеттенген адамдар кейбір БАҚ-тарды пайдалана отырып, қоғамдық тәртіпті бұзуға және Қазақстан мен ҚХР арасындағы тату көршілес қарым-қатынасқа залал келтіруге тырысуда.
Осыған байланысты, Бас прокуратура бұл дерек бойынша материалдардың ұлттық араздықты немесе алауыздықты қоздыру, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлау, ұлттық қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын насихаттау белгілерінің бар болуына қатысты сараптаулық зерттеу және процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданғанын мәлімдеді.
Жоғарыда көрсетілген қылмыс құрамы белгілерінің бар екені расталған жағдайда кінәлі тұлғалар заң бойынша қатаң жауапкершілікке тартылатын болады.